Жаңалықтар

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% талапкер жинады

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% талапкер жинады
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы 28.06.2024 13:39 610
Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 264 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады.

ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балды жинады. Талапкер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша кеше, 27 маусымда, Алматы облысының Есік қаласында тапсырған. Естеріңізге сала кетсек, соңғы рет ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының талапкері 2021 жылы жинаған болатын, ал 2018 жылы Алматы қаласының талапкері жинады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға алты аптаның ішінде 620 талапкер қатысты.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға