Uber дауға ілікті: АҚШ-та жүргізуші жолаушыны жұрттың көзінше соққыға жықты
Чарльстон қаласында (АҚШ) Uber такси қызметі дау астында қалды. TC BioPharm биотехнологиялық компаниясының бас директоры Брайан Кобелді такси жүргізушісі соққыға шығып, ол сотқа шағымданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқиға Аппер-Кинг-стриттегі мейрамхана маңында болған. Полиция хаттамасы мен сот құжаттарына сәйкес, Uber жүргізушісі көліктен шығып, Кобелді басымен ұрған. Сол сәтте кәсіпкердің қолында жол бастап жүретін иті болған (әдетте көзі көрмейтіндер ертіп жүреді). Соққы салдарынан ол есінен танып, асфальтқа құлап, басынан ауыр жарақат алған. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Белгілі болғандай, жүргізуші «аллергиям бар деген» себеппен итті көлігіне отырғызуға қарсы болған соң, жолаушы көліктен түсіп, одан сапардан бас тарту батырмасын басуын сұраған. Бұл өтінішке ашуланған ер адам Кобелді соққыға жыққан.
Куәгерлер жедел жәрдем шақырған, оқиға орнына полиция да келген. Кейін шабуылдаған ер адамның Ресей азаматы Вадим Улюмджиев екені және оның АҚШ-та заңсыз жүргені анықталды. Қазір Улюмджиев қамауға алынып, «шабуыл» және «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» баптары бойынша айыпталып отыр. Ол $10 мың кепілмен босатылғанымен, иммиграциялық орталыққа жіберілді.
Брайан Кобел жеке адамға қатысты қылмыстық іс жеткіліксіз деп тауып, корпорацияның өзіне қарсы азаматтық шағым түсірген. Оның айтуынша, Uber өз клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр және жүргізушілерді тексеру жүйесі жеткіліксіз. Одан қалды екі тәулікке өзін «қара тізімге» енгізген.
Кобелдің заңгерлері бұл оқиғаны клиент пен жүргізуші арасындағы тұрмыстық жанжал емес, цифрлық платформалардың жұмыс істеу жүйесіндегі әлсіздіктерді көрсететін маңызды жағдай деп бағалауда.
Мәселе қоғамда үлкен резонанс туғызды. АҚШ-та көзі нашар көретін адамдарға көмектесетін итпен жүрген жолаушыға жасалған шабуыл дискриминация деп қаралады.

