Уақыт шегініп жатыр ма? Жер 24 сағаттық айналымды толық аяқтамады
Мөлдір Қайнар тілші
2025 жылғы 10 шілдеде Жердің бір тәуліктік айналымы 1,36 миллисекундқа қысқарып, 24 сағаттық толық циклге жетпей аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Space.com ғылыми порталы халықаралық уақыт өлшеу қызметтерінің деректеріне сілтеме жасап мәлімдеді. Аталған қызметтер атомдық сағаттар арқылы Жердің айналу жылдамдығын жоғары дәлдікпен бақылайды.
Норматив бойынша бір тәулік 86 400 секундқа тең. Алайда соңғы жылдары ғалымдар Жердің өз осінен айналуындағы микросекундтық ауытқуларды жиі тіркеп жүр. Мысалы, 2025 жылғы 5 шілдеде планета өз айналымын әдеттегіден 1,25 миллисекундқа ерте аяқтаған. Бүгін де осындай ауытқу күтілуде, яғни 1,34 миллисекундқа қысқарады деп болжанып отыр.
Әзірге тіркелген абсолюттік рекорд 2024 жылғы 5 шілдеде болған: Жердің толық айналымы 1,66 миллисекундқа жылдамырақ орын алған.
Мұндай өте ұсақ уақыт айырмашылықтарын өлшеу 1973 жылдан бастау алды, сол кезден бастап жоғары дәлдікті атомдық сағаттар енгізіліп, Жердің айналысындағы ең аз өзгерістерді де есептеу мүмкіндігі қолжетімді болды.
Күнделікті өмірде тәуліктің бірнеше миллисекундқа қысқаруы сезілмесе де, ғалымдар бұл құбылысты мұқият қадағалап отыр. Зерттеушілердің пікірінше, Жердің айналу жылдамдығының артуы ғаламшардың ішкі құрылымында болып жатқан күрделі процестердің белгісі болуы мүмкін.
Бұл үдерістің нақты себебі әзірге белгісіз, – дейді Мәскеу мемлекеттік университетінің Жердің айналуын зерттеу жөніндегі жетекші маманы Леонид Зотов.
Ол мүмкін себептер ретінде Жер ішіндегі массалардың қайта бөлінуін, тектоникалық қозғалыстарды немесе ядро деңгейіндегі өзгерістерді атады. Сонымен қатар, Зотовтың айтуынша, Жер болашақта қайта баяулауы да мүмкін, өйткені оның айналу жылдамдығы тұрақты емес және ішкі-сыртқы көптеген факторларға тәуелді.
Қазіргі таңда бұл өзгерістер күнделікті өмірге әсер етпейді. Алайда алдағы уақытта дүниежүзілік үйлестірілген уақыт (UTC) жүйесіне түзетулер енгізу қажет болуы мүмкін. Бұл – високос секундтар деп аталатын қосымша немесе алып тасталатын секундтар арқылы жүзеге асады.

