Жаңалықтар

УАҚ ҚАРЫЗ

Уақ қарыз жайынан мағлұмат бер деп қазақтардан, əуелі, сұраушылар болғандықтан, екінші, Оренбургский государственный банктағы уақ қарыз жұмысындағы инспектор
27.08.2014 14:09 6523

УАҚ ҚАРЫЗ

Уақ қарыз жайынан мағлұмат бер деп қазақтардан, əуелі, сұраушылар болғандықтан, екінші, Оренбургский государственный банктағы уақ қарыз жұмысындағы инспектордың Торғай облысында əр жерден уақ қарыз серіктігін ашпақшы ниеті бар болғандықтан, уақ қарыз деген не нəрсе екендігін айтып, халықтың құлағына салмақшымыз.Уақ қарыз серіктігі деген – серіктескен адамдардың қажетін шығаруға қарызға ақша беріп тұратын серіктік. Шаруасы бар, кəсібі бар адамдардың көбі-ақ қарызданбай тұрмайды. Қарызды бай да алады, жарлы да алады, бай мен жарлыға қосылмайтын орташа ауқаты бар адамдар да алады. Байдың қарызы ірі болады, басқаларының қарызы уақ болады. Байлар мыңдап, он мыңдап, жүз мыңдап қарыз алады, басқалары ондап, жүздеп ғана қарыз алады. Ірі қарыздар үшін неше түрлі банктар бар, уақ қарыздар үшін ондай орындар жоқ. Уақ қарыз алушылар көбіне ақшалы адамдардан қарыз алады, алғанда, көп өсімменен алады. Қажет болған шағында өсімнің көбіне қарамай, төлеу шартының ауыр-жеңілін талғамай  ала  салады. Сондай қысылғандарға көп өнімменен қарыз беруді кəсіп қылып алған адамдар да көп. Ауыр шартпен көп өсіммен қарыз алудан құтылуға болады, егерде уақ қарыз серіктігін ашып, дұрыстап, оны іс қылып жүргізетін адамдар болса.Уақ қарыз серіктігі пайдалы һəм ашуы да оңай. Жалғыз-ақ қиын жері – дұрыстап іс етіп жүргізу. Оны дұрыстап жүргізу үшін керек, əуелі, іс мəнісін жақсы білетін адамдар, екінші, серіктіктің тиын-сиындарына көзі қызықпайтын адамдар, осы екі шарт орнына келетін болса, уақ қарыз серіктігі серіктескен адамдарға бек пайдалы нəрсе.

Біз сырттан ашыңыз-ашпаңыз деп ешкімге мəслихат бере алмаймыз: жоғарғы екі шартқа тура келерлік кісілері бар- жоғын əркім өзі біледі, біз уақ қарыз деген не нəрсе екендігін һəм қалай істелетін жайын жазсақ, қолынан келер-келмесін əркім өзі аңғарар. Қолынан келерлік болса, ашқандары пайдалы, келерлік болмаса, ашқанмен, жөндеп жүргізе алмай, пайда орнына зарар келтіреді.

Уақ қарыз серіктігінің түп мақсаты серіктескен адамдарға керекті кезінде машақатсыз, оңай жолмен, жеңіл өсіммен қарыз беріп тұрмақ. Ол қарызға берілетін ақша азық-түлік, киім-кешек һəм онан басқа сол сияқты шығыны бар да, өнімі жоқ қажеттерге емес, шыққан ақшадан өнім болатын іске беріледі. Мысалы: егін саларда иə көлігі кем болып тұрса, я шашатын тұқымы жоқ болып тұрса, пішен шабуға машина алатын болса, я май алатын машина керек болса, я малға жем-шөп алу қажет болса, қысқасы, шығарған ақшасын өтерлік іс я кəсіптерге ғана беріледі.

Уақ қарыз серігін ашып, бастау үшін əуелгі кезде 20-30 адам керек. Ол адамдардың əрқайсысы өз алдына шаруасы я кəсібі бар адамдар болу тиіс, жасы 21-ден кем болмайды, еркек болсын, əйел болсын, бəрі бір есеп. Доктор, учитель, фельдшер, писарь, мұғалім, мұғалималар сияқты хат білетін, көзі ашықтау адамдардың кіріскені тым жақсы, мұндай адамдар тек сол жер- де тұратын болса, жарайды. Жалғыз-ақ қымбаты: таза қылықты һəм халыққа қызмет етуге ынтасы бар адамдар болсын. Уақ қарыз серіктігін ашамын деген адам əуелі екі-үш адамға ойын айтып, істің мəнісін түсіндіреді, олардың əрқайсысы тағы екі- үш адамға айтады. Сонымен, серіктікке кірерлік адамдардың саны 20-30-ға толған соң, бəрі жиылып, бас қосып, іс жайын кеңеседі. Ашатын қаласын я ауылын белгілейді һəм қанша елге, яғни бір волост я бірнеше волост елге ашу ма – оны һəм анықтап, жиылыста белгілейді. Осы іс бастап отырған 20-30 кісі учредительдер (жасаушылар) деп аталады. Учредительдер министр қол қойып шығарған уақ қарыз жайындағы уставты қарап, қолайлағандарын алып, қолайламағандарын, себебін айтып, өзгерт деп сөз етуге ықтиярлы.

Бас қосып кеңесіп, ақылдасып, ойласып, сөзді пісіріп болған соң, ашарға рұқсат сұрап, арыз береді. Арыз беру, рұқсат алу – бəрі де оңай. Арыз беріліп, рұқсат алынғаннан кейін қызмет етер адамдарын сайлайды, ол үшін члендердің түгел жиылысы болады. Уақ қарыз серіктігінің қожасы – члендердің түгел жиылысы. Оны орысша общий собрание дейді. Түгел жиылыстың ұйытқаны – серіктік жұмысына закон. Оны асып ешкім іс қылуға ықтиярлы емес. Члендер жиылысында серік- тік жұмысын атқаратын адамдар сайланады, мысалы, үш кісі сайланады серіктік жұмысын жүргізіп тұруға, оларды правление дейді. Олардың ісін тексеретін үш адам сайланады, оларды совет дейді.

Сөйтіп, серіктік жұмысы үшке бөлінеді: члендер жиылысына, правлениеге, советке. Бəріне жол салып, жоба көрсетіп беруші члендер жиылысы: қанша өсіммен қарыз беру, қарыз алу ретін бекіту, жаңа члендерді қалай кіргізу, қандай сомаға шейін оған қарыз беруге болатындығын бекіту, жылдық расходтың сметасын, жыл өткеннен соңғы отчетты бекіту, правление менен советтің үстінен арыз болса, қарау, тексеру, правление менен совет жұмысына жасалған типтерді бекіту – бұлардың бəрі де члендер жиылысына міндет жұмыстар.

Қарыз алу, қарыз беру, жылдық расходқа смета жасау, жыл өткен соң отчет беру, басқа мекемелермен қатынасу, қысқасы, жиылыста істелсін деп мақұлданған істің бəрін атқаратын правление.

Советтің қарайтыны: уақ қарыз турасындағы закондерге, члендер жиылысында ұнатылып жасалған тəртіптерге х ы - л а ф іс қылынбасын көздеу, серіктік сомасы, мүлкі түгел ме – соны біліп тұру, ол үшін айында аз болса бір рет кассадағы бар ақшаны, қарызға берілген ақшаны книгеге салыстырып қарап, түгендеп тұрады. Правление менен советке сайланған адамдар хат білетін, іс білетін адамдар боларға керек, əсіресе правлениедегі адамдар. Серіктіктің маңызды ісінің бірі осылардың қолында болады, білімнің үстіне тазалық һəм керек. Серіктік серіктескен адамдарға қарызға оңай жолмен, жеңіл шартпен ақша беріп тұру үшін ашылады деп жоғарыда айтылды. Оларға қарызға беретін ақшаны қайдан алады? Ол ақшаны қазынадан алады. Іс басталып, жүріп кету үшін қазына мыңнан бастап, үш мыңға шейін қарыз береді. Орынбор уезінде ондай қарыздарға 1000 сом, 2000 сом беріліп тұр. Көп, аз беру серіктіктің үлкен, кішілігіне қарай. Бұл ұзын срокты (13 жылдық) қарыз сомына алты тиын өсіммен беріледі. Ол өсім жыл аяғында, декабрде төленіп отырады. Онан басқа государственный банк қысқа срокты (тоғыз айлық) қарыз да береді. Оны да серіктіктің үлкен, кішісіне қарай, екі мыңнан бастап, бес мыңға шейін береді. Бастапқы кезде серіктікке қазына осындай көмек береді, сонан соң серіктіктің жұмысы жөнделіп кетсе, қарызға берерлік ақша бірте-бірте өз ісінен құралады. Іс жақсы кетіп бара жатқанын көрген соң, уақ қарыз кассасына өсім үшін ақша салатындар да шығады. Тоғыз айлық государственный банк беретін қарыз да істің жүрісіне қарай беріледі, жақсы бара жатса, көбірек, олай болмаса, азырақ беріледі.

Серіктік члендеріне қарыз берілгенде, бастапқы кезде бір жылдан артық срокке бере алмайды. Ақшасын көп срокке берсе, кассаға өсімі ғана түсіп, капитал қайтып түспесе, қарыз берерлік кассада ақша болмай қалуы ықтимал. Сондықтан əуелгі жылдарда серіктік қарызды  бір  жылдан  артық  срокке бермеске тиіс. Кассада капитал молайған сайын қарыздың срогін ұзайтады. Қарызды қанша өсіммен беру серіктіктің қолайлауынша, бірақ сомына 12 тиыннан артық болмайды. Өсімге салған ақшаларға қаншы өсім төлеу – о да серіктіктің қолайлап келісуімен.

Уақ қарыз серіктігінің өрмегін құру реті осы. Істің жақсы, жаман болуы істеушілердің шеберлігіне қарай – жоғарыда айтылған жұмыстарды атқара білетін секілді адамдары бар болса, уақ қарыз серіктігінен пайда көп, зарар жоқ. Ондай адамы жоқ жерлерде серіктік ашу пайдалы болады деп айта алмаймыз. Қазақтардың өз бетінен ашарлық адамдары болмаса, орыстардың ашқан уақ қарыз серіктігіне қосылғанын мақұл көреміз, басқалармен қосылып, іс көріп үйренгенінен кейін өздері ашуға болады. Ашуға бел байлаған адамдар болса, қалай ашу жайынан толық мағлұмат беруге білгенімізді мұнан кейін де аямаймыз.

(1913 ж.) 

А.Байтұрсынұлы / «Ел - шежіре»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға