Жаңалықтар

ТЖМ: Су тасқыны басталғалы бері 116 мыңнан астам адам құтқарылды

ТЖМ: Су тасқыны басталғалы бері 116 мыңнан астам адам құтқарылды
Фото: ortcom.kz 17.04.2024 00:17 688

Су тасқыны басталғалы бері 116 мыңнан астам адам құтқарылды және эвакуацияланды. Бұл туралы республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикер өз сөзінде су тасқыны жағдайы туралы осы сағаттағы ақпаратты ұсынды.

Су тасқыны басталғалы бері барлығы 116 731 адам, оның ішінде 40 666 бала құтқарылып эвакуацияланды. 3 570 тұрғын үй мен 2 225 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 112 539 ауыл шаруашылық жануарлары қауіпсіз жерге айдалды.

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 765 жеке тұрғын үй, 1 579 аула аумағы және 2 035 саяжай үйі су астында қалуда. 

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 47 141 адам,  4 342 техника, оның ішінде 873 су сору құралы, 308 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылды, - деді Ерасыл Сайпаш.

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде 9,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 2,5 млн қапшық және 1,2 млн астам тонна инертті материал төселді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға