Жаңалықтар

Тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрлардың артында не тұр? Ерлан Қошанов Үкімет жұмысын сынады

Тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрлардың артында не тұр? Ерлан Қошанов Үкімет жұмысын сынады
Фото: El.kz 07.06.2023 14:28 704

Мәжіліс депутаттары Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдады. Жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 73-і жақтап, 12-сі қарсы болды, ал 7 депутат қалыс қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет жыл сайын бюджеттің есебі игеріліп жатқанын мақтанышпен баяндайтынын, бірақ сол тамаша цифрлардың артында халықтың тағдыры тұрғанын атап өтті.

Құрметті әріптестер, бүгін жан-жақты талқылау болды. Өте маңызды ұсыныстар айтылды. Қатты да әңгімелер айтылды. Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жатырмыз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретіні тек баяндамашылар мен сұрақ қоятын адамдар, - деді төраға.

Оның айтуынша, бюджетті 8 рет түзету мен 1 рет нақтылаудың арқасында қол жеткіздік деген әңгіме айтылды. Бюджет бір жыл ішінде 1 трлн теңгеге түзетіліпті.

Енді осындай тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан 10 мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға қатысты. Мұндай мысалдарды басқа да салалардан көптеп келтіруге болады. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына мұның бәрі тікелей әсер етеді. Осыны естен шығармауымыз керек, - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы бағдарламалардың орындаушылары тендерлердің ұзаққа созылуы мен тағы да басқа сылтауларды айтып, ақталып жатқанын жасырмады.

Бұл жағдай жыл сайын қайталанып отыр. Мұның бәрі жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Сол үшін алдын алу шараларын қолға алуымыз керек,  - деді Мәжіліс төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға