Тяньцзинде Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев кездесті
Тяньцзинь қаласындағы Үкіметтің Қабылдау үйінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025 жылғы саммитіне және Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы Жеңісінің 80 жылдығына, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс мерекелік шараларына қатысу үшін Қытайға келген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Си Цзиньпин атап өткендей, Қытай мен Қазақстан – сенімді әрі берік стратегиялық серіктестер. Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біздің елдеріміз тату көршілік пен достық бағытын ұстанып, ашықтық пен өзара тиімділік принциптерін сақтап, ортақ тағдыр қауымдастығын бірлесе құруға ұмтылуы тиіс.
Сондай-ақ, бір-бірімізді өзара мүдделер мен негізгі алаңдаушылықтарға қатысты мәселелерде қолдау, жан-жақты ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан-Қытай қатынастарын жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айтты.
Қытай басшысы даму стратегияларын үйлестіруді күшейту, ортақ мүдделерді кеңейту және жаңа өсу нүктелерін табу маңызды екенін ерекше атап өтті. Ол энергетикалық ынтымақтастықты экономикалық байланыстардың өзегі ретінде нығайтуға, инфрақұрылымдық және институционалдық өзара байланысты арттыруға, Қытай мен Қазақстан арасында мәдени алмасу жылын ұйымдастыруға, халықтар арасындағы жақындастықты күшейтуге шақырды.
Сондай-ақ, ШЫҰ-ның беделі мен әлеуетін арттыру, БҰҰ орталық рөлін сақтап қалу және әлемдік тәртіпті әділ әрі ақылға қонымды бағытта дамыту қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалығы жемісті екенін атап өтті. Қазақстан тарапы ұйым аясындағы көпқырлы ынтымақтастыққа белсене қатыса отырып, алдағы саммиттің толық табысты өтуі үшін Қытаймен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Президент Қытай халқын Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қытай халқының тарихи үлесін, ерлігін, батылдығы мен патриотизмін ерекше бағалады.
Ол Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, өткен жылы екіжақты сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жеткенін және ірі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қазақстан алдағы уақытта да практикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысында екі ел басшыларының қатысуымен даму стратегияларын ұштастыру, энергетика, ғылым, білім, спорт және жабайы жануарларды қорғау салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын 20-дан астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанда екі жаңа «Лубань» шеберханасының ашылатыны жарияланды.

