Түстен кейін ұйықтайтын мемлекет: сиеста дегеніміз не?
Көп елде түскі уақыт – жұмыс қызған шақ. Ал кейбірі үшін сәл мызғып алып, күш жинайтын кез. Мұндай дәстүр сиеста деп аталады. Әсіресе, бұл Жерорта теңізі аймағындағы елдерге тән. Күннің аптап ыстығында еңбек ету қиын болған соң, адамдар түстен кейін үзіліс жасап, тынығады.
Сиеста десе, көбінесе, Испания еске түседі. Себебі осы дәстүр испан қоғамында қалыптасып, кейін күллі әлемге тарады. Білесіз, Испанияның көптеген өңірінде жазда күн ыстық, дала қапырық. Бұрындары халық егіншілік пен мал шаруашылығын кәсіп еткен. Сонда аптап ыстықта тірлігін қойып, көлеңкеде тынығып алуды жөн көреді. Осылайша, түскі ұйқы күн тәртібіне айналады.
Испан халқы бірден түскі ұйқыға кетпейді. Алдымен, отбасы мүшелері бірге отырып, түстенеді. Содан кейін құс ұйқысын ұйықтап, немесе жай ғана демалады. Кейде туыстарымен әңгіме-дүкен құрып, серуендейді. Сөйтіп, күннің ыстығы қайтқанда қайта жұмысқа кіріседі.
Сиеста кезінде шағын қалаларда дүкен мен шеберхана жабылып, көшеде адам азайып кетеді. Бұл көрініс – Испания мәдениетінің бір бөлігі.
Түскі демалыс – жаңа тыныс
Ғалымдардың айтуынша, күннің екінші жартысына қарай ағзаның жұмысы баяулайды. Қандағы қант деңгейінің төмендеуі ұйқы шақырып, шаршауды сезесіз. Сонда құс ұйқы бәрін жуып-шайып кетеді. Ұйқы уақыты 15 минуттан 30 минутқа созылады. Сиестаның арқасында зейін ашылады, шаршауды басады, көңіл күй көтеріледі, жұмыс істеуге құлшынысың артады. Сондықтан мұны жай дәстүр емес, физикалық тұрғыдан пайдалы әдет деп қарастырған дұрыс.
Иә, қазір Испанияда бұрынғыдай бірнеше сағатқа созылатын түскі үзіліс жоқ. Жұмыс кестесі тығыз болған соң, соған қарай бейімделеді. Алайда заманауи балама бар. Мысалы, микроұйқы (10–15 минут қысқа қалғып алу), медитация (терең тыныстап, ойды тыныштандыру), қысқа серуен (таза ауада аздап жүріп, сергу). Дегенмен дәстүр толық жоғалып кеткен жоқ. Кейбір шағын қалада дүкендер әлі күнге дейін түскі уақытта уақытша жабылады.
Сиестаның мәдени маңызы
Сиеста Испанияның мәдени бейнесінің бір бөлігіне айналған. Ол испан халқының өмірге байыппен қарап, демалыс пен еңбектің тепе-теңдігін сақтауға ұмтылатынын көрсетеді. Туристер де осы дәстүрге қызығып, түсте Испания көшелерінің бір сәтке тынышталып, кешке қарай қайта жанданатынын байқайды.
Италия – riposo
Италияда түскі демалыс riposo деп аталады. Әсіресе, шағын қалалар мен оңтүстік өңірлерде адамдар түскі астан кейін 1–3 сағат демалады. Осы уақытта дүкендер жабылып, адамдар үйіне барып тынығады. Бұл дәстүр көбіне сағат 13:00–16:00 аралығында болады.
Грекия – mesimeri
Грекияда түскі тынығу mesimeri немесе kalo mesimeri деп аталады. Кейбір өңірлерде түскі уақытта тыныштық сағаты заңды бекіген. Тұрғындар 14:00–17:00 аралығында демалады.
Мексика мен Латын Америкасы
Испанияның отарлық ықпалы болған біраз елде сиестаға ұқсас дәстүр бар. Мысалы, Мексика, Эквадор, Коста-Рикада бар. Мұнда адамдар түскі астан кейін біраз уақыт демалып, кейін жұмысын жалғастырады.
Филиппин – idlip
Филиппинде қысқа күндізгі ұйқыны idlip деп атайды. Мұнда да Испанияның отарлау саясаты әсер еткен.
Қытай – wǔxiū (түскі ұйқы)
Қытайда түскі демалыс wǔxiū деп аталады. Жұмысшылар түскі астан кейін шамамен 20–30 минут ұйықтап алады. Ал кейбір мекемелерде мұндай үзіліске ресми түрде рұқсат етеді.
Жапония – inemuri
Жапонияда inemuri деген түсінік бар. Бұл – адамның қоғамдық орында немесе жұмыста қысқа уақыт қалғып кетуі. Ол жалқаулық емес, керісінше адамның көп жұмыс істейтінін білдіретін мәдени ерекшелік ретінде қабылданады.

