Түшкіру маусымы басталды: аллергияға қарсы вакцина бар ма?
Көктем – көптеген адам үшін жай ғана табиғаттың жаңаруы емес, сонымен бірге аллергияның күшею кезеңі. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде жеміс ағаштарының гүлдеу кезеңі шарықтау шегіне жеткен. Ал өзге облыстарда енді басталады, тиісінше «көктемгі аллергияға» бейім адамдар тыныс алудың қиындауы, жиі түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы сияқты жағымсыз белгілерге тап болады.
Мұндай кезеңді қалай жеңіл өткеруге болады және антигистаминдік дәрілерден бөлек қандай тәсілдер бар – осы материалда кеңінен қарастырамыз.
Маңызды ескерту: өзін-өзі емдеумен айналыспаңыз. Бұл материалда соңғы ғылыми деректер мен мамандар пікірі жинақталғанымен, нақты диагноз қойып, ем тағайындайтын тек дәрігер екенін ұмытпаған жөн.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, жер шарындағы адамдардың шамамен 30 пайызы тозаң аллергиясынан зардап шегеді. Оның үстіне бұл көрсеткіш әр онжылдық сайын өсіп келеді. Көбіне бұл дерт 10 мен 40 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Медициналық тұрғыдан алғанда, мұндай жағдай «маусымдық аллергиялық риноконъюнктивит» немесе кең таралған атауымен поллиноз (шөп безгегі) деп аталады. Бұл – өсімдік тозаңымен байланыс кезінде ағзаның патологиялық реакциясы.
Ағза аллергенге түрліше жауап береді: бас ауруы, түшкіру, құрғақ жөтел, терінің қышуы, көздің қызарып жасаурауы, мұрынның бітелуі, ісіну, ұйқышылдық, тіпті жүрек айну белгілері байқалуы мүмкін. Кейбір адамдарда аллергия одан да күрделі асқынуларға, соның ішінде астма ұстамаларына алып келеді. Әсіресе құрғақ әрі жылы ауа райында, күннің екінші жартысына қарай симптомдар күшейе түседі.
Дәрігерлердің сөзінше, аллергия белгілерін ажырату кейде қиын соғуы мүмкін. Себебі ол тұмау секілді басталып, мұрынның бітелуі, түшкіру, бас ауруы секілді симптомдармен қатар жүреді. Ал қышыну пайда болған кезде аллергияны күдіктену оңайырақ. Сонымен қатар бұл белгілер сыртта күшейіп, жыл сайын бір мезгілде қайталанып отырады. Нақты диагнозды аллерголог қояды.
Елімізде аллергияның алғашқы белгілері көктемнің алғашқы айынан бастап байқалады. Жазға қарай аллергендер қатарына терек, қарағай, түрлі арамшөптер, астық тұқымдастар, амброзия мен жусан қосылады.
Қазақстандағы аллерген өсімдіктердің гүлдеу күнтізбесі шамамен мынадай:
- наурыз-сәуір: қандыағаш, сәмбі тал, орман жаңғағы, қарағаш, көктерек;
- сәуір-мамыр: қайың, шаған, терек, үйеңкі, емен, шырша, қарағай, сирень;
- мамыр-маусым: қылқан жапырақтылар, жөке, бақбақ, түрлі шөптер;
- маусым-шілде: жөке, терек, жусан, қалақай, амброзия және басқа өсімдіктер;
- тамыз: амброзия, жусан және арамшөптердің кейбір түрлері.
Аллергияға қарсы вакцина бар ма?
Көпшілікті мазалайтын басты сұрақ та осы. Шын мәнінде, мұндай препараттар әзірленіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, тиімді нәтиже алу үшін 3-5 инъекция жеткілікті болуы мүмкін. Қазіргі таңда вакцина клиникаға дейінгі сынақтардан өткен, ал толық клиникалық зерттеулер аяқталған соң медициналық тәжірибеге енгізілуі ықтимал. Алайда бұл кем дегенде 2026 жылдан кейін ғана жүзеге асуы мүмкін.
Аллергияны анықтау үшін дәрігерлер қосымша тексерулер тағайындайды. Оның ішінде теріге жасалатын сынамалар (прик-тест) немесе қан сарысуындағы арнайы IgE антиденелерін анықтау талдауы бар.
Сонымен қатар бүгінгі медицинада аллергиямен күрестің тағы бір тиімді жолы бар – аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ). Бұл әдістің мәні – аллергенді өте аз мөлшерден бастап, біртіндеп ағзаға енгізу арқылы иммундық жүйені оған «үйрету». Нәтижесінде ағза аллергенмен қайта кездескенде оған әлдеқайда әлсіз реакция береді немесе мүлде жауап қайтармауы мүмкін.
Қорытындылай келе, маусымдық аллергия дегеніміз – жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, бірақ оны бақылауда ұстауға да болады. Ең бастысы – өз бетіңізше емделмей, уақытында маманға жүгініп, алдын алу шараларын сақтаған жөн.

