Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін – Олжас Бектенов
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов тестілеу мен емтихан кезінде, соңғы қоңырау және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет екенін айтып, министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі. Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады, – деді премьер-министр.
Бұдан өзге үкімет басшысы көпбалалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілу керегін жеткізді.
Әкімдер балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын. Денсаулықсақтау министрлігі жазғы каникул кезінде балалардың тамақтануына тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етсін, – деді Олжас Бектенов.

