Жаңалықтар

Түркияда жараланған қазақ жігітке 200 мың доллар қажет

Түркияда жараланған қазақ жігітке 200 мың доллар қажет
Фото: gov.kz 20.04.2023 17:43 1266

Түркияда атыс кезінде жарақат алған қазақстандықтың операциясын Қазақстан елшілігі төлеген. СІМ ресми өкілі Айбек Самдияров желіде таралып жатқан жалған ақпаратқа тоқтау қойып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеше біраз бұқаралық ақпарат құралдарында Ыстанбұл қаласында қазақ жігіті оқ жарақатын алды деген ақпарат тарады. Сыртқы істер министрлігі тарапынан бұл мәселеге қатысты тиісті қысқаша түсініктеме берілді. Алайда, әлеуметтік желіде жарақат алған жігіттің жұбайының “Оқты денеден алу отасы ақылы қызмет, сондықтан біз бас тарттық, өйткені ақша басқа мақсатқа қажет” - деген сөзі талқыға түсіп жатыр екен. Осы жерде бұл жанұяға қатысты жағдайды түсіндіре кетейін.

Жарақат алған жігіттің аты Бегалы, жасы 32-де, өзім бағана тікелей хабарласып сөйлестім. Біраз әңгіме айттық, көшеде болған атыс туралы сұрадым, сонда ол ұялып маған айтқаны келесі болды: “Менің жағдайым жақсы, отаны жасап дәрігерлер оқты денемнен алды. Бүгін-ертең ауруханадан шығамын, бұл жерде жата беретін уақытым жоқ, өйткені кішкентай қызымызды емдеуге алып келгенбіз”, - деп жазды Айбек Смадияров.

Оның сөзінше, әңгіме барысында тек қана қызын ойлап отырғаны байқалды, дауысы және көңіл-күйі көтеріңкі екен, екі сөзінің бірі - қызым-қызым дейді. Аман-сау қалғанына қуанып отыр, сондай жарқын жомарт жігіт екен.

Ыстанбұлдағы дипломаттардың көмегімен отаны тегін жасаған, қолдан келгенше басқа да көмек көрсетіліп жатыр.

Енді Бегалы бауырымыздың Айым атты кішкентай бүлдіршіні туралы айта кетейін. Түркияда қараша айынан бері рак ауруын емдеп химиотерапия өтіп жатыр, арнайы ота жасау қажет. Бірақ өздеріңіз білесіздер, рак ауруын емдеу үшін қомақтай қаражат талап етеді. Бегалы қызының еміне кішігірім сома жинап қойыпты, соны өзіне қимай Айымның отасына жұмсаймын деді. Қанша қаражат қажет деп сұрадым, қысылып айтпай қойды. “Көмек түсіп жатыр, жақсы адамдар бар, ұайымдамаңыз, мен аяғыма тұрсам бәрінде өзім шешемін” деп ер жігіттің сөзін айтып отыр. Қызын сондай қатты жақсы көретіні сөзінен де, көңілінен де көрініп тұр, оқ тиіп жарақат алған адамға мүлдем ұқсамайды. Әкенің қызына деген махаббаты қандай керемет, иә? Сонымен достар, менің білуімше Айымға ота жасау үшін 200 мың АҚШ доллар қажет екен. Қаражат жинауды осы жақында ғана бастапты. Қоғам болып жабылып жоғарыда көрсетілген соманы жинап беріп Бегалы бауырымызды бір қуантсақ қалай қарайсыздар?, - деп жазды СІМ өкілі.

Айта кетейік, жергілікті басылымдардың хабарлауынша оқ көліктен атылған. Қазақстан азаматынан басқа тағы екі адам зардап шегіп, бір адам қаза тапқан.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға