©Pixabay.com

Түркияда шамамен 7,7 млн жыл бұрын өмір сүрген пілдердің сүйектері табылды

17.09.2025 07:23

Археологтар Түркияның орталығындағы Қызылырмақ өзенінде салынып жатқан Ямула су қоймасы аумағынан алып пілдердің үш бас сүйегін тапты. Бұл туралы Archaeology Reports Online (ARO) басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Радиометриялық талдау нәтижесінде табылған жәдігерлердің жасы шамамен 7,7 миллион жыл екені анықталды. Қазба орны Кайсери қаласының маңындағы Орталық Анадолы өңірінде орналасқан.

Сүйектердің бірінде төменгі жақ сүйегінің сақталуы - өте сирек жағдай. Айта кетейік, мұнда қазба жұмыстары 2017 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол кезде жергілікті бақташы кездейсоқ сүйек қалдықтарын тауып алған еді.

Осы уақыт ішінде ғалымдар кеш миоцен дәуіріне (шамамен 5,3 млн жыл бұрын аяқталған) жататын көптеген ірі жануарлардың қаңқаларын тапқан. Атап айтқанда, мұнда мүйізтұмсықтардың, үш тұяқты жылқылардың, керіктердің, антилопалардың, тасбақалардың және қылыштіс мысықтың сүйектері табылды.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл табылған дүниелер Анадолыдағы экожүйелердің шамамен 8 млн жыл бұрынғы күрделі құрылымын көрсетеді. Сондай-ақ пілдердің әртүрлі түрлеріне тән бейімделу ерекшеліктерін зерттеу арқылы олардың сол дәуірдегі табиғатпен қарым-қатынасын түсінуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, биыл тамыз айында Эфиопияда археологтар жасы 2,65 млн жылға жететін тіс сынықтарын тапқан еді. Ғалымдар оларды бұрын белгісіз болған австралопитектердің екі өкіліне тиесілі деп болжайды.