Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған конференция өтті
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
01.11.2022 22:41
1721
ТҮРKСОЙ аясында Ыстамбұл қаласында (Түркия) Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған "Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті" атты ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды El.kz.
Конференцияға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Мажидли Физули, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Ыстамбұл университетінің ректоры Махмут Ак, Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына Қазақстан – Түркия бағытында велошеру арнаған аудармашы, журналист Ернат Мелсұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Отандық және Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар баяндама жасады.
Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай өз баяндамасында: "Ұлттық тәуелсіз сана туралы идеяның тұғырын Әлихан Бөкейхан саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынұлы соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін" десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова "Ахмет Байтұрсынұлы – отарлауға қарсы тұрған Ұлт ұстазы" атты баяндамасында: "Жазған сөз жаным ашып Алашыма!" деп өзінің өмірлік ұстанымын айқындап алған Ахмет Байтұрсынұлы Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен бірегей ғалым" деп атап өтті.
Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі, ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, "Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы" тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
Конференция барысында "Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары" (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) кітабының және Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған Райхан Имаханбеттің "Ғасыр саңлағы" кітабының тұсаукесері өтті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Үкіметте экономиканы несиелендіру мәселесі қаралды
Келесі жаңалық
Иман Хелифтің ағзасынан ерлердің хромосомалары анықталды