Түркия 2025 жылы туризм саласынан шамамен 63 миллиард доллар табыс күтуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл – елдің Орта мерзімді даму бағдарламасында белгіленген мақсат және өткен жылғы 61 миллиард долларлық көрсеткішке жуық сома. Бұл туралы Түркия туризм инвесторлары қауымдастығының (TTYD) төрайымы Оя Нарин «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, жыл басында туризм саласы сәтті басталғанымен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс сияқты әлемдік дағдарыстар белгілі бір баяулауға себеп болған. Дегенмен маусым айынан бастап жағдай жақсарып, көрсеткіштер қайта өсімге шыққан.
Соңғы екі тоқсанда сенімді өсім байқалуда. Өткен жылғыдай деңгейде табысқа қол жеткізсек, бұл – өте сәтті нәтиже болмақ. Соңғы он жылда әлемдік туризм 40 пайызға артса, Түркия көрсеткішін шамамен 90 пайызға ұлғайтты. Бұл – үлкен жетістік, – деді Нарин.
TTYD төрайымы Антальяның Жерорта теңізіндегі жарқын жұлдызға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 20–30 жылда өңірге жасалған инфрақұрылымдық жобалар, инвестициялар мен сапалы туристік өнімдер Антальяны әлемдік деңгейдегі бағытқа айналдырған.
Бұрын адамдар көбіне Эгей өңіріне баратын, ал Антальяда бірнеше ғана курорт болған. 1990-жылдардан бастап аймақ үлкен серпіліс жасады, бүгінде мұнда 600 мыңнан астам орналастыру орны бар, – деді ол.
Сондай-ақ Нарин Каппадокияның ел туризміндегі ерекше рөлін атап өтті.
Каппадокия – бұл нағыз ғажайып мекен. Стамбулға келген туристердің көбі міндетті түрде Каппадокияға барғысы келеді. Соңғы жылдары мұнда әуе шарлары мен табиғи көріністердің арқасында танымалдық артты. Алайда өңірдің сапалы туризмін сақтау және шамадан тыс жүктелуді болдырмау маңызды, – деді Нарин.
TTYD басшысы әлемдік туризмнің бүгінде 10 триллион долларлық нарыққа айналғанын, бұл көрсеткіш бойынша сала энергетика мен ауыл шаруашылығынан кейін үшінші орында тұрғанын айтты. Оның пікірінше, Түркия қазір әлемдегі ең ірі бес туристік нарықтың бірі, ал ел осы позициясын сақтау үшін мемлекетпен және министрлікпен бірлесе белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, ішкі туризмнің өсуі де ел экономикасының тұрақты қозғаушы күші ретінде маңызды рөл атқаруда.

