©El.kz/Арман Мухатов

Түркітілдес елдердің ақпараттық альянсына енді Qazcontent төрағалық етеді

05.11.2025 15:40

Түркітілдес елдердің ақпараттық альянсының төрағалығы Qazcontent акционерлік қоғамына ресми түрде тапсырылады. Бұл туралы Түркияның Anadolu Ajansı агенттігінің стратегиялық коммуникациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Билгехан Өзтүрік айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Альянсты құрған кезде біздің мақсат – түркі әлемінің ортақ мұрасын, тәжірибесін және медиа саласындағы әлеуетін бірлесе дамыту болды. Ертең біз екі жылда бір өтетін Түркітілдес елдердің ақпараттық альянсының жалпы жиналысын өткізбекпіз. Сол жиында осы ұйымның алғашқы төрағалық кезеңін аяқтап, оны QazContent-ке ресми түрде тапсырамыз, – деді Билгехан Өзтүрік.

Арман Мухатов

Оның айтуынша, төрағалықты тапсыру рәсімі – түркі елдерінің медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастығының маңызын арттыратын маңызды қадам.

Альянстың негізгі мақсаты – әрбір ақпарат агенттігінің жеке тәжірибесі мен көзқарасының негізінде, сондай-ақ заман талабы мен жасанды интеллект секілді жаңа технологияларды ескере отырып, ортақ ақпараттық әлеуетті біріктіру, дамыту және бөлісу. Яғни, әр агенттіктің өзінде бар мүмкіндіктер мен ресурстарды бір-бірімен бөлісе отырып, барша агенттіктердің әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді көздейміз, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Түркітілдес елдердің ақпараттық альянсы 2023 жылы Түркияда бес елдің қатысуымен құрылған. Оның құрамына Қазақстаннан Qazcontent, Түркиядан Anadolu Ajansı, Әзербайжаннан AZERTAC, Қырғызстаннан KABAR, Өзбекстаннан UZA халықаралық ақпарат агенттіктері кіреді.