Жаңалықтар

Түркістанда жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға 19 млн-нан астам теңге айыппұл салынды

Түркістанда жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға 19 млн-нан астам теңге айыппұл салынды
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 13.07.2024 01:45 783

Жыл басынан бері Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 11 фактісі анықталған. Ал облыстың барлық аудан, қалаларында 272 рейдтік жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 218 жүк көлігі айыптұраққа қойылып, 19 110 900 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен Түркістан облысы аумағындағы жер қойнауын пайдану мәселелері бойынша мәжілісте айтылды.

Жиынға Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Жер қатынастары басқармасы мен Облыстық полиция департаменті, Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыс бойынша Экология департаментінің басшылық құрамы қатысты. Сондай-ақ аудан қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары онлайн байланыс арқылы қатысты.

Әкімдіктің мәліметінше, облыс аумағында жер қойнауын заңсыз қазып жатқандарға қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта биыл 28 мамырда «Түркістан облысы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары» бекітілген. Іс-шара жоспары аясында тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді.

Былтыр маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жалпы 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, кен орындары аумақтарынан тыс қазылғаны белгілі болған.

Бас прокурордың «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жүргізу туралы бұйрығына сәйкес, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бүгінде 14 жер қойнауын пайдаланушы облыстық бюджетке 9,2 млн теңге өтеді және жер қойнауын өндіру аумақтарынан тыс қазылған аумақтарды қайта қалпына келтіру бойынша кепілхат берді. Ал маркешейдер қорытындысымен келіспеген жер қойнауын пайдалануышы компаниялардан келтірілген залал шығындарын сот арқылы өндірту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты компаниялардың тіркелген аумақтары бойынша экономикалық сотқа талап арыз жолданған.

Айта кетсек, бүгінгі таңда облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 195 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға