triathlon.org.kz

Түркістанда триатлоннан Азия кубогы өтті

Түркі әлемінің рухани астанасында Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 жарысы мәресіне жетті. Бұл додаға Азия аймағының ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты триатлоншылар жиналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Словакия, Чехия, Корея, Германия, Жапония, Эстония, Финляндия, Ресей және Беларусьтен келген спортшылар қатысты.

triathlon.org.kz

Жарыс санаттары мен қашықтықтары:

Elite – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км веложарыс + 10 км жүгіру.

Junior – спринт: 750 м жүзу + 20 км веложарыс + 5 км жүгіру.

Age Group – стандартты қашықтық: 1,5 км жүзу + 40 км веложарыс + 10 км жүгіру.

triathlon.org.kz

Нәтижелер:

Elite Men санатында Ресей спортшылары жеңіс тұғырына көтерілді: Денис Колобродов чемпион атанса, Роман Минеев қола алды. Ал күміс жүлдені қазақстандық Дарын Қонысбаев иеленді.

Elite Women санатында ресейлік Татьяна Баскакова жеңімпаз атанды. Жапония өкілі Минори Икено күміс алса, Беларусь спортшысы Алина Синевич қола жүлдеге қол жеткізді.

Junior Men санатында тұғырды түгелдей қазақстандықтар иеленді: Елмұрат Қанай – 1-орын, Арсений Шевченко – 2-орын, Никита Дубовицкий – 3-орын.

Junior Women жарысында да қазақстандық спортшылар топ жарды: Аида Ким чемпион атанып, қола жүлде Рамина Агабаеваға бұйырды. Ал күміс жүлдені Қырғызстан атлеті Ралина Артықходжаева алды.

triathlon.org.kz

Спортшылар жоғары деңгейдегі тартысты додада өз мүмкіндіктерін дәлелдеп, халықаралық аренада өнер көрсетуге дайын екенін көрсетті. Бұл жетістіктер қазақстандық атлеттерге олимпиадалық рейтингке жол ашып, еліміздің әлемдік триатлондағы орнын нығайта түсті.

Age Group санаты

Жарыс бағдарламасына Age Group санатының қосылуы триатлонды ел ішінде танымал етуге елеулі үлес қосты. Бұл санатта 93 спортшы мен бір команда бақ сынады.

Қатысушылар Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Рудный, Екібастұз, Орал, Атбасар қалаларынан, сондай-ақ Ташкент, Бішкек және Минскіден келді.

Жарыстағы ең жас спортшы – 2007 жылғы қатысушы болса, ең тәжірибелісі – 1964 жылы туған триатлоншы.

triathlon.org.kz

Ерекше сәт

Қазақстандықтар үшін жарыстың басты ерекшелігі – аңызға айналған триатлоншы, алты дүркін Ironman әлем чемпионы Марк Алленнің қатысуы болды. Ол спортшыларға ақжолтай тілегін айтып, Түркістан төрінде өткен бұл додаға шабыт пен рухани серпін сыйлады.