Жаңалықтар

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр
Фото: senate.parlam.kz 09.02.2023 18:21 1537

Түркістан шаһарында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ауқымды іс-шараға аймақтағы елдер Парламент Палаталарының делегациялары қатысуда. Екі күнге жалғасатын Форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.

Орталық Азия мемлекеттерінің І Парламентаралық форумын өткізу Қазақстанның бастамасы. Бұл туралы 2022 жылғы шілдеде Орталық Азия елдері Президенттерінің консультативтік кездесуінде айтылды.

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін айтты. Палата Спикері аймақтағы елдердің Мемлекет басшыларының байланысы жоғары деңгейде екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жан-жақты және белсенді дамытуға Парламент өкілдері де өз үлестерін қосуы керектігін атап өтті.

Форумға қатысып жатқан қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен делегацияларын тиісінше Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Гурбанмурат Ашыров бастап келді.

Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.

Айта кетейік, аталған Парламентаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданды.

Осыған дейін Түркістанда Орталық Азия елдерінің форумы өтетіндігін хабарлаған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға