Түркістанда ботаникалық бағы бар "Жастар" саябағы пайдалануға берілді
Түркістанда заманауи үлгідегі жаңа «Жастар» саябағы пайдалануға берілді. Демалыс аймағының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы қала тұрғындары мен қонақтарын алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.
Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, осыдан 6 жыл бұрын жаңа Түркістан облысы құрылды. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты. Түрлі нысандар бой көтеріп, шын мәніндегі инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті қалаға айналды. Қаланы абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Түркістан қаласында жасыл желектер алқабын ұлғайту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізбен бірге «Жастар» саябағы кешенінің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Бұл жаңа саябақ қалаға қосымша көрік беріп, тұрғындарымыздың демалысын жақсы өткізуге таптырмас орын болары анық. Біз халық игілігіне берілетін нысандарды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Саябақтың жалпы алаңы – 10,5 га. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары, шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары, сонымен қатар, 2 шақырым жүгіру жолы және веложолдар бар. Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіріледі. Олардың ішінде Жерорта теңізі, Латын Америкасы, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және тағы басқа аймақтардың өсімдіктері бар. Пальма, фикус, тропикалық, шөл, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған. Сонымен қоса оқушыларға биология сабақтарын өту мүмкіндігі қарастырылған. Саябақта құстар мен балықтар да кездеседі.
Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде Түркістан қаласында 32 саябақ, 32 сквер мен аллея, 15 жасыл алаң мен аймақ бар.