Жаңалықтар

Түркістанда балалар құқықтарын қорғау жөнінде дөңгелек үстел өтеді

Түркістанда балалар құқықтарын қорғау жөнінде дөңгелек үстел өтеді
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 03.08.2023 23:00 988

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында бала құқықтарын қорғау, қоғамдағы балаларға қатысты қатыгездікті болдырмау бойынша кеңінен ақпараттық жұмыстарды жүргізу мәселелері талқыланды.

Ақпараттық кеңістік балалардың рухани-адамгершілік және құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызды факторларының бірі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – бала құқығын қорғау шаралары мен тетіктері туралы кеңінен ақпарат беру, - деді министр.

Ведомство басшысы осы орайда баспасөз құралдарында бала құқықтарын қорғау мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қабылданып жатқанын айтты.

Бұған дейін халықаралық сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен медиа-этика және балалардың құқығын қорғау тақырыбында кездесулер өткізіліп, нәтижесінде арнайы ұсынымдар әзірленген еді. Сонымен қатар министрліктің бастамасымен Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі арнайы нұсқаулық дайындалды, - деді ол.

Сонымен қатар Түркістан облысында мемлекеттік органдардың, сарапшылардың, БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтетіні белгілі болды. Сол жерде осы мәселе бойынша нақты ұсыныс-пікірлер ортаға салынады деп болжануда.

Бұл бағытта Динара Болатқызымен алдағы уақытта да жүйелі түрде бірлесе жұмыс істей береміз деп сенеміз, - деді Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға