Жаңалықтар

Түркістанда әкімдік қызметкері комиссия отырысында балабақша иесін ұрып жіберген

Түркістанда әкімдік қызметкері комиссия отырысында балабақша иесін ұрып жіберген
Фото: Видеодан кадр 27.04.2024 03:30 1737

Түркістан облыстық білім басқармасында өткен комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесіне күш қолданған. Бұл сәттің видеосы отырыстың түсірілімі кезінде түсіп қалған, деп хабарлайды otyrar.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Бейнежазбаны Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев Facebook парақшасында жариялады.

Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. Соққыға жығылдым деген әйел балабақша иесі екен. Отырыс кезінде әйел азаматтары арасында жанжал туындаған. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.

Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстіне арызданған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы (Ұрып-соғу) бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.

Жоғарғы соттың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, аталған іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Түркістан облыстық әкімдігіндегілер балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Аталған оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс беріліпті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға