Түркістан облысы әкімдігі

Түркістанда 100-ге жуық отбасы баспаналы болды

Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде үйлердің кезекті құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Нәтижесінде 100-ге жуық отбасыға баспаналы болып, оларға облыс басшысы атынан домбыра тарту етілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Тұрғындарға баспана кілттерін облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстап, олардың қуанышын бөлісті.

Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – Түркістан қаласының облыс орталығы атануы. Облыс орталығы атанғанына 7 жыл енді толса да, Түркістан қаласы күллі түркі елдерінің рухани астанасына айналып, шаһарға арнайы заңмен ерекше мәртебе статусы берілді. Шаһардың күннен күнге ажарланып, дамуына өздеріңіз атсалысып, көркейіп келе жатқанына куә болып отырсыздар. Мереке қарсаңында мемлекеттің қамқорлығы сіздерді тағы бір қуанышқа бөлеп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде баспанамен қамту жұмысы жүруде. Бүгін қаламыздың тұрғындарына баспаналы болып, жаңа пәтерге қоныстану бақыты бұйырды. Біз баспанамен қамту жұмысын облыстағы барлық аудан, қалада жалғастырамыз. Адам үшін ең керегі – баспана. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Әкімдіктің мәліметінше, баспана «әлеуметтік осал топ» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Оның ішінде, 48-і көпбалалы отбасылар болса, «әлсіз топ» санатындағы отбасылар – 36. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген. Былтыр 961 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 944 пәтерді иелеріне тапсыру жоспарлануда.