Жаңалықтар

Түркістан қаласында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынады

Облыс әкімі жылыжай мега-кешенінің жобасын жан-жақты талқылау үшін инвесторлармен кездесті
Түркістан қаласында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынады
Фото: darkhan_satybaldy_official/ 22.01.2023 13:40 1191

Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендері салынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласынан еліміз бойынша көш басында. Климаттық жағдайы қолайлы өңірімізде ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында бірнеше жобалар қолға алынды. Солардың бірі - Ресейдегі жылыжай саласындағы көшбасшы компания «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салуға ниетті, -  деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. 

Облыс әкімі жылыжай мега-кешенінің жобасын жан-жақты талқылау үшін инвесторлармен кездесті. Инвесторлар ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды да қолға алмақ.

Бұл өңірімізде жүзеге асатын маңызды жобалардың бірі. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды мәселе. Жоба аясында жерлестеріміз үшін жұмыс орындары ашылады. Оған біз қуанамыз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту әлеуеті зор маңызды сала, - деп жазды Дархан Сатыбалды әлеуметтік желіде.

Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Инвестициялық жоба Келес ауданында жүзеге асады. Жобаның алғашқы кезеңі іске қосылғанда мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға