Түркістан облысының халқы қасқырдан зардап шегіп отыр
Фото: © Pixabay.com
Фото: © Pixabay.com
07.02.2024 03:39
836
Түркістан облысының Отырар ауданында халық түз тағысынан зардап шегіп отыр. Әсіресе, шибөрілер төрт ауылдық округ тұрғындарын тығырыққа тіреген. Жыртқыштар қорадағы төрт түлікке ауыз сала бастаған. Ал қасқыр жүретін аумақ ұлттық паркке қарасты болғандықтан, атуға рұқсат жоқ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.
Түз тағылары қорадағы төрт түлікке шаба бастаған. Құлын мен бұзауға қырғидай тиіп, тайлардың қарнын жарып кетеді, - дейді ауыл тұрғындары.
Сейілхан Ерназаровтың шаруашылығында мал саны күннен күнге азайып барады. Төрт түлікке бөрі маза бермейді.
Екі күн бұрын екеуін бірден жеп кетті, прям қорамыздың алдынан жеп кетіп жатыр. Қара малдан 15-20 шақтысын жеп қойды ғой биылдыққа, - дейді Көкмардан ауылының тұрғыны Сейілхан Ерназаров.
Ал жыртқыштарды атайын десе, рұқсат жоқ. Себебі, қасқыр жүретін аумақ ұлттық паркке қарайды.
Қасқыр атуға болмайды. Ол табиғаттың несі ғой. Қасқыр атып жатса, енді біз орман заңдылықтарын бұзу бойынша хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, - дейді облыстық табиғат қорғау басқармасы орманды қорғау және күзету бөлімінің маманы Бағдәулет Таңатұлы.
Ал аудан басшылығы түз тағысы мен шибөрілердің қаптап кеткенін растап отыр. Қазір жеті ауылдық округте көкжалдарға жем болған төрт түлік саналып жатыр.
Қазіргі таңда 100 шақты малды қасқыр мен шибөрі жеп қойды деген мәлімет түсті. Жергілікті органның құзыретіне кірмейтін болғандықтан, біз облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолдадық, - дейді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбай.
Бұл мәселе тезірек шешімін таппаса, мәселе ушығып кетуі мүмкін. Түз тағысы адамға шабуы ықтимал. Сондықтан уақыт оздырмай қасқырды ататын арнайы мамандар шақыртылса, - дейді жергілікті жұрт.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
5 облыста жол жабық тұр