Жаңалықтар

Түркістан облысының әкімі су тасқынына байланысты штаб отырысын өткізді

Түркістан облысының әкімі су тасқынына байланысты штаб отырысын өткізді
Фото: ТЖМ 02.02.2023 20:46 874

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су тасқынына байланысты өзге де аудан, қалалардағы жағдайды саралау мақсатында Төтенше жағдай департаментінде штабтың шұғыл кеңесін өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы ТЖМ мәлімдеді.

Жиынға Төтенше жағдай департаменті мен Полиция департаментінің басшылығы, басқарма басшылары қатысты. Өңір басшысы қазіргі ахуалға тоқталып, тасқын су салдарын жою және қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.


– Су тасқынының алдын алу бойынша жоспарлар жасалып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Қауіпті аймақтарға техника мен күшті жұмылдырып жатырмыз. Бірақ жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруі бірнеше ауылды әбігерге салып отыр. Кеше облыстағы су нысандары мен өзендерді қарап шықтық. Барлық аудан, қалада күшейтілген режимде жұмыс жалғасып, қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды әр ауданда, ауылда келтірілген шығынды есептеу бойынша арнайы комиссиялар жасақтауды тапсырды.


Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов су тасқынына байланысты соңғы деректерді баяндады. Оның айтуынша, барлық аудан, қалада жұмыс күшейтіліп, су нысандары бақылауға алынған. Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты.

Еріген қар суы 15 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы ағып өтті. Қазіргі таңда 13 көше, 186 аула аумағы, 1 тұрғын жеке үйге су кірген. ТЖД күшімен су басқан аула аумағынан 154 адам және 200 бас ұсақ мал эвакуацияланған. Ол адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды.
Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде су жиналған. Ордабасы ауданындағы "Найман" және "Құртай" каналында су деңгейі көтерілді, қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылуда. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 бірлік көлемінде қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупі сейілді. Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жауын-шашын облыс аумағында тоқтады. Алайда су ағыны жалғасуда. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды.

Осыған дейін Түркістан облысында бірнеше ауданды су басқаны туралы хабарлаған едік.

Төтенше жағдайға байланысты Төтенше жағдайлар министрінің Түркістан облысына баратындығы туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға