Жаңалықтар

Түркістан облысындағы "Жартытөбе" ауылында соңғы 5 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген

Түркістан облысындағы "Жартытөбе" ауылында соңғы 5 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі 11.10.2024 22:35 490

Түркістан облысы Созақ ауданында «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы ретінде Жартытөбе ауылы үздік деп танылды. Бұл елдімекенде соңғы 5 жылда мүлдем қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілген. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.

Аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылы білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елдімекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальтталып, көше жарықшамдарымен қамтылған. Бұған қоса, толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.

Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке айналдырған. 
Сонымен қатар, ауылда 69 алтын құрсақты батыр ана тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар. 

Округ бойынша 28 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылда өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген,-делінген Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпаратында. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға