Түркістан облысындағы өртке қатысты жаңа дерек шықты
Түркістан облысының әкімдігі Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Хабарламаға сәйкес, ауруханаларға үш адам жеткізілген: екі ересек және бір бала.
Барлығы да жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Науқастар мамандардың тұрақты бақылауында, – делінген әкімдік ақпаратында.
Шұғыл медициналық көмек қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Облыстық медициналық ұйымдардан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек қамтамасыз етілген.
Еске салайық, қайғылы жағдай 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында болды. Жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адам, оның ішінде тоғыз бала қаза тапты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне марқұмдардың жақындарына қажетті көмектің бәрін көрсетуді және трагедияның себептерін жан-жақты тергеуді тапсырған болатын.

