Жаңалықтар

Түркістан облысында жыл басынан бері 6 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылған

Түркістан облысында жыл басынан бері 6 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылған
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі 15.09.2024 23:40 374

Түркістан облысында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жыл басынан бері 6 мыңнан астам адамға бос жұмыс орындары ұсынылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 1 қыркүйекке дейін 80 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы», аудан және қалалық «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкелерде 6077 бос жұмыс орны ұсынылған. Оған 1753 жұмыс беруші мен 4772 азамат қатысқан. Нәтижесінде жұмыс іздеп келген азаматтардың 1126-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, 638-і ұлттық жобалар шеңберінде уақытша жұмыс орындарына жолданды.

Жұмысқа орналасқан 1764 азамат білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өзге де салаларға байланысты еңбек етіп жатыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың 18 қазанында Түркістан қаласы бойынша Tanda.enbek.kz порталында бос жұмыс орындары онлайн-жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Былтыр бұл шарада 75 бос жұмыс орны ұсынылған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға