Жаңалықтар

Түркістан облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны 43,6 пайызға өскен

Түркістан облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны 43,6 пайызға өскен
Фото: © El.kz 22.09.2024 17:00 621

Түркістан облысында 2024 жылдың 8 айындағы жағдай бойынша жедел респираторлық вирустық инфекциясымен 150 227 науқас тіркелген. ЖРВИ жұқтырғандар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,6 пайызға өскен. Жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың  82 936-сы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Балалар арасындағы аурушаңдық 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артқан. Бүгінде өңірде иммундау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай мәліметті Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.

Өздеріңізге белгілі, жылдың суық мезгілінде адамдардың әртүрлі респитарорлық вирустық инфекцияларға шалдығып, аурушаңдықтың өсуі орын алып отырады. Тұмау және ЖРВИ аурушаңдығының эпидемиологиялық маусымы ресми түрде 1 қазаннан басталып, келесі жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады. Өткен 2023-2024 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда облыста жедел респираторлық вирустық инфекциясы аурушаңдығы бойынша 269 299 жағдай тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 152 473, ал 1 жасқа дейінгі балалар арасында 24 472 жағдай тіркелді. Сонымен қатар 10 100-ден астам жүкті әйел ЖРВИ-мен ауырған. Біз денсаулық сақтау қызметімен бірге бірінші кезекте осы бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге баса назар аударамыз,-деді департамент басшысының орынбасары.  

Бұдан өзге 2023-2024 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда вирусологиялық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 38 жаңа түрі тіркеліпті. Оның 16-сы биыл жыл басында анықталған екен.

Бахтыораз Елемесовтің айтуынша, тұмаудың жаңа түрлері ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, өткен жылдан бері ауыр ЖРВИ науқастары, яғни респираторлық инфекциялардың ауыр түрлерімен ауырғандар тұмау және ковид инфекциясы вирустарына параллельді түрде тексерілген. Өйткені оларды клиникалық түрде практикада ажырату мүмкін емес.

Биыл жыл басынан бергі 8 айда облыстық Ұлттық сараптама орталығы филиалының вирусологиялық зертханасында полимеразды тізбекті реакция әдісімен (ПЦР әдісі) 149 сынама-зерттеу жүргізіліп, соның нәтижесінде тұмаудың 16 вирус штаммы анықталған. Оның ішінде негізінен тұмаудың А-3 типі басым болған.

Бүгінде облыста ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымына дейін апталық мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, күнтізбенің 37-ші аптасында, яғни өткен аптада өңірде жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырудың 8090 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға көп. Яғни, облыста мезгілді аурушаңдықтың өсуі байқалады. Бұл орта есеппен облыс бойынша бір күнде бір мыңнан астам адам ЖРВИ-ге шалдықты деген сөз. 8 мыңнан астам науқастың 60-70 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен.

Айта кетсек, биыл 16 тамызда 2024-2025 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері міндетін атқарушының «Тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша 2024-2025 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған тұмау және ЖРВИ жөніндегі санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы шыққан болатын. Оған сәйкес республика бойынша медицина ұйымдарында бетперделік режим ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен, ал тұмауға қарсы иммундау науқанының басталуы 15 қыркүйектен көзделген. 

Жалпы Түркістан облысы бойынша биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғындарға Ресейде өндірілетін тұмауға қарсы «Гриппол Плюс» вакцинасын егу жоспарланған.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызмет)

Облыста тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 тұрғынға «Гриппол Плюс» екпесін тегін егу жоспарланып, бүгінде иммундау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9%-ына мемлекет есебінен екпе егу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда облыстық қоймаға екпенің 50 мың қажетті дозасы жеткізілді. Екпелер тиісті континенттер мен топтарға рет-ретімен жеткізіліп жатыр. Бұл жоспарлы профилактикалық екпе егу медицина қызметкерлеріне, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, 6 айдан асқан және жиі ауыратын балаларға, ата-ана қарауынсыз қалғандар мен мектеп-интернаттағы балаларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін жүгізіледі. Бұл адамдардың тізімі Үкіметтің қаулысында бекітілген. Сонымен қатар, облысымызда жұмыс берушілер есебінен мекеме, кәсіпорын жұмысшыларын екпе егу мүмкіндігі бойынша тиісті шаралар қарастырылуда. Ол бойынша біздің тараптан барлық ірі кәсіпорын басшыларына хат жазылған. Егер де жұмыс берушілер өз қаражаттары есебінен екпе жасатуды жөн көрсе, емханаларда келісімшарт негізінде жүргізуге болатынын хабарлаймыз,-деді департамент басшысының орынбасары брифинг кезінде.

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде коронавирус инфекциясы қайтадан тіркеліп жатыр. Мониторинг бойынша біздің еліміздің де соңғы айда COVID-19-дың артуы байқалып отыр екен. Ал Түркістан облысында жыл басынан бері 8 адам ковидке шалдыққан. Оның екеуі 14 жасқа дейінгі балалар. Коронавирус жағдайлары Сайрам, Келес, Мақтаарал, Қазығұрт, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласында тіркелген.    

Бахтыораз Елемесов қазіргі таңда коронавирустың омикрон штаммының мутациялық өзгерістерге ұшыраған типтері тіркеліп отырғанын алға тартты.

Жалпы облыста ЖРВИ, тұмау және COVID-19 инфекцияларының асқынуларына жол бермеу мақсатында иммундау науқанын 1 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Биылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ, тұмау, коронавирус инфекциясының асқынуына жол бермес үшін Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысында барлық іс-шаралар бекітілген. Оның ішінде 1 қазанға дейін екпе егу жұмыстарын аяқтау туралы міндеттеліп отыр. Онымен қоса міндетті түрде медициналық ұйымдарда және қажеттілігіне қарай көпшілік жиналатын орындарда бетперде кию режимі енгізіледі. Профилактикалық мекемелердің кіреберістерінде ЖРВИ және тұмау объектілері бар науқастар үшін медициналық ұйымдардың аумағында және ғимарат іштерінде тиісті көрсеткіштері бар сүзгілерді ұйымдастыру және жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұндай шараларды метептерде, балабақшалар мен басқа да мекемелерде ұйымдастыру қажет. Әсіресе ауа алмасу режимі қамтамасыз етілуі керек,-деді спикер.

Өз сөзінде Бахтыораз Елемесов тұрғындарға вирустық эпидемиологиялық маусымда сақтану шараларын барынша сақтауға кеңес берді. Өйткені маусымдық вирустық инфекциялар ауа тамшысы арқылы жұғады және ол жас таңдамайды. Кез келген адамның сырқаттану қаупі бар.

ЖРВИ, тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы – жыл сайын екпе алу. Өйткені вирустар жыл сайын өзгеріске ұшырап отырады. Ал вакциналардың құрамы ғылыми болжамдарға сәйкес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарымен жаңа маусымға әзірленіп отырады. Бүгінде мамандар ұсынып отырған «Гриппол Плюс» екпесі қауіпсіз әрі пәрменділігі жоғары екен. Бұдан өзге департамент басшысының орынбасары эмидемиологиялық маусым кезінде бетперде тағып, адамдар көп жиналатын орындардан мүмкіндігінше алшақтауды ұсынды.

Ал Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев өңірдегі медицина мекемелері алдағы эпидемиологиялық маусымға дайын екенін айтты. Ол бойынша жедел іс-қимылдар жоспары бекітілген. Мәселен, қазіргі таңда облыста 686 инфекциялық төсек-орын бар. Оның ішінде ересектерге арналған - 241, балаларға арналған - 445, реанимациялық төсек-орын саны – 287. Бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 212 болса, оның ішінде ЖРВИ саны – 203, пневмония – 9.

Басқарма басшысы бұдан өзге санитарлық-ағарту жұмыстары бойынша барлығы 217 семинар өткізілгенін атап өтті. Оған 13 524 медициналық қызметкер, оның 1689-ы дәрігер, 11835-і орта білімді мамандар қатысқан.

(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)

Барлығы 239 дәрігер оқудан өтіп, тұрғындарға тұмаудың, ЖРВИ-дің алдын алу бойынша 5034 парақшалар, 3123 ақпараттық броюшалар таратылды. Бұдан өзге біздің мамандар тұрғындармен  524 рет кездесулер өткізіп, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы айтар болсам, эпидемиологиялық ахуал  бақылауда. Екпе салу жұмыстары, төсек-орын, емдеу шаралары барлығы жоспарланған. Алдағы эпидемиологиялы маусымға дайныбыз,-деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға