Жаңалықтар

Түркістан облысында жарты жылда 60 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Түркістан облысында жарты жылда 60 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
Фото: © El.kz 13.07.2024 08:45 622

Түркістан облысында жарты жылда 60,4 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Бұл туралы халықты жұмыспен қамту және жұмыс орындарын құру, аз қамтылған отбасылар санын азайтып, кәсіпке баулу мәселелері талқыланған мәжілісте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агентті.

Жиынға жұмыспен қамту басқармасының басшылығы мен  қызметкерлері  қатысып, баяндамалар мен есептер тыңдалды. Аймақ басшысының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев халықты жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер мен кедейлік көрсеткішін төмендету бағытындағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін  ескертті.

Биыл бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдігіндегі жауаптыларға «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Кедейлікті төмендету шаралары жүйелі түрде жүргізілсін. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішіндегі еңбекке жарамды азаматтардың табысын арттыру мақсатында жұмыспен қамту шараларының белсенді түрлеріне тартып, тұрақты жұмысқа шынайы орналасуын қадағалаңыздар. Аталған көмекті тағайындаудың заңдылығына зерделеу жұмыстарын жүргізу керек. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамада айтылған мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыс жүргізілсін. Кейбір аудандарда жұмыспен қамту деңгейі төмен. Аудандарда жұмыспен қамту бағытында насихат-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәліметтер ұсынылсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында жауаптыларға халықты жұмыспен қамту, жастарды шағын несиелеу жұмыстарын ұйымдастыру, аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету, мүгедектігі бар адамдардың арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуын реттеу және де саладағы өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ көрсеткіштері төмен аудандарға ескерту беріліп, жұмысты жандандыру  жөнінде тапсырмалар берілді. 
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 118,9  мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс басшысының бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілді. Оның ішінде 108 мың адамды тұрақты және уақтыша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды ұлттық жобалар мен бағдарламаларда ашылатын жұмыс орындарына жолдау және  7,2 мың адамға грант пен шағын несие беру көзделген. 
Биыл I жартыжылдық жоспарына сәйкес 69,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 60,4 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Тиісінше I жартыжылдық жоспар 86,8% орындалды. Одан бөлек аз қамтылған азаматтардың табыстарын арттыру арқылы кедейлікті төмендету бойынша жұмыстар да жалғасуда. Биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен  қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК көрсетудің 2024 жылға жоспар бекітілді. 1 шілдедегі жағдайы бойынша 13,569 мың отбасыға немесе 81,2 мың адамға 3,8 млрд теңгеге АӘК тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халық санының 3,8%-ын құрап отыр.
Жалпы бүгінде Түркістан облысында 99,2 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. Биыл өңірде мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 12,3 млрд теңге бөлінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға