Жаңалықтар

Түркістан облысында заңсыз көші-қонмен айналысқан адамдар тобы ұсталды

Түркістан облысында заңсыз көші-қонмен айналысқан адамдар тобы ұсталды
Фото: polisia.kz 26.11.2024 23:49 94

Түркістан облысында полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында шетел азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмек көрсетумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шетелдіктерге шекарадан өту үшін жалған сот қаулыларын берген 9 адамды ұстады.

Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық мән-жай анықталады. Сонымен қатар жоғарыда аталған жалған құжаттардың көмегімен ҚР шекарасынан өтуге тырысқан 10 шетелдік азамат елден шығарылды, - делінген мәліметте.

Жыл басынан бері «Қазығұрт», «Жібек жолы», «Қонысбаев» және басқа да шекаралық бекеттерде валютаны заңсыз айырбастаумен айналысатын адамдарға қатысты 40-тан астам тексеру жүргізіліп, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерімен профилактикалық әңгімелер өткізілді. Қазіргі уақытта Түркістан облысының полицейлері кедендік саладағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша іс-шараларды жалғастырып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға