Түркістан облысында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ғасыр жасаған қариялардың үйлерін арнайы аралап, жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысының орынбасары алдымен Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында тұратын соғыс ардагері, 100 жастағы қарт Закир Мұсаевтың шаңырағында болды. Облыс әкімінің атынан құттықтау хатын жеткізіп, әкімдік атынан ат мінгізіп, сый-сияпат жасады.
Закир Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы Сауран ауданы Ескі Иқан ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болған, 9 жасында жетім қалған ол анасы мен қарындасымен бірге қиыншылықтарды бастан өткеріп, 1943 жылы өз еркімен соғысқа аттанған. Ол майданда екі рет жарақат алған. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін Германияның Дрезден қаласында күзетші болып қызмет атқарып, 1950 жылы әскерден оралған соң ауылда еңбек жолын жалғастырған. 35 жыл бойы есепші болып еңбек еткен. Отбасында 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, ұрпақтарын еңбекке, адалдыққа, ұлттың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуге баулыды.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ескі Иқан ауылының тұрғыны 102 жастағы еңбек ардагері Хапиза Эрметованың үйіне барды.
Хапиза Эрметова 1923 жылы 1 қаңтарда Жаңа Иқан ауыл округі, Ақтөбе елдімекенінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ол сол қиын кезеңде ел үшін үлкен еңбек сіңірді. Соғыс аяқталғаннан кейін 1953 жылы Ескі Иқан ауылына қоныс аударған. 8 баланы тәрбиелеген еңбек ардагері 39 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.
Өз кезегінде қазыналы қариялар жергілікті билікке өз алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.