Жаңалықтар

Түркістан облысында ауыл келіндері өзара сынға түсті

Түркістан облысында ауыл келіндері өзара сынға түсті
Фото: facebook.com 07.03.2024 03:20 775

Түркістан облысы Шардара ауданында “Келіні жақсының керегесі алтын” атты келіндер байқауы өтті. Сайыс Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тәрбие мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан сайыста Қауысбек Тұрысбеков ауылының жас келіндері өзара бақ сынасты.

Ауыл әкімшілігі мен ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен келіндер сынында қатысушылардың өнерін сараптап, әділ бағасын беруге ақ жаулықты аналар арнайы шақырылған. Атап айтқанда байқаудың қазылар алқасы мүшелерінің қатарында ҚР Білім саласының үздігі, Шардара ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Жаңылай Зияшқызы Айдарова, аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлзакира Дауланбекқызы Исаева, Қауысбек Тұрысбеков ауылдық әжелер алқасының төрайымы Гүлайым Сүлейменова және аудандық мәдениет сарайы директорының орынбасары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қойлиева Ұлжан Уәлиханқызы бар.

Байқауға отбасының көркін келтіріп жүрген, ізетті де инабатты алты келін қатысты. Қатысушылар алдымен өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағын таныстырды. Кейін көрермендерге өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар қазақы дастарқандарын жайнатып, салт-дәстүрлерге қатысты сұрақтарға шеберлікпен жауап берді. Қазақы дәстүрдегі киім үлгілерін көрермен талқысына салып, бақ сынады.

Жан-жақты дайындығымен келген барлық келін сайыста көптің көңілінен шықты деуге болады. Сайыс қорытындысы бойынша Ботакөз Үсенова І-орынға ие болды. Ал жүлделі ІІ- орын Маржан Майтановаға бұйырса, Гүлмира Жүнісова ІІІ-орынды жеңіп алды. Сонымен бірге сайысқа қатысқан Жұлдыз Түлеуова  "Үлгілі келін", Фатима Исаева «Ибалы келін», Әйгерім Қамбарова "Өнерлі келін» номинацияларына ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, отбасы құндылықтары мен қазақтың салт-дәстүрлері паш етілген байқаудың тиісті дәрежеде өтуіне Шардара аудандық мәслихаттың депутаты Алмасхан Жанбаев барынша атсалысып, демеушілік жасады.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға