Жаңалықтар

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сарыағаштағы қайғылы оқиғадан кейінгі жағдай туралы пікір білдірді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сарыағаштағы қайғылы оқиғадан кейінгі жағдай туралы пікір білдірді
Фото: facebook.com 15.07.2023 10:48 1483
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Сарыағаш ауданындағы қайғылы жағдайдан кейін ауылдағы ахуал туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Бұл туралы шенеунік әлеметтік желіде жазба жариялап, оқиғадан кейін бірден бірден сол жерге аттанғанын мәлімдеді. 
Кешеден осындамын. Сарыағаштағы жағдайды ести сала түнделетіп жолға шығып кеттік. Бір жағынан бес жасар қызды ойлап жүрек езілсе, екінші жағынан «қылмыскерді жазалаймыз» деп, «тепсе темір үзетін жігіттеріміз ашумен қателік жасап қояр ма екен» деген уайым бір сәт қарап отыруға мұрша бермеді. Облыс прокуроры М. Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы М. Қабденов, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т. Мелдешов, облыс әкімінің орынбасары Н. Көшеров осында. Жағдайды ушықтырмай, тұрақтандыру бағытында бірлесіп жұмыс жүргіздік. Пышақ жарақаттарынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін бүгін, яғни 14 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Қылмысқа қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тұрақтылықты бүлдіретін берекесіздіктер болған жоқ. Бүлдіршіннің отбасына көңіл айттық, қиын сәтте жандарында демеу болуға тырыстық. Кез-келген қазалы үйде ағайын туыстар жиналады, ол қалыпты. Дегенмен қайғыдан қара жамылған отбасы мүшелері, ағайын-туысы, ауылдың бірқатар азаматтары заңның орындалуын, қатаң шара көруін, ешқандай жеңілдік берілмеуін талап етті, наразылықтарын айтты. Елді ұстамдылыққа шақырып, барлық мәселенің заң аясында шешімін табатынын құзырлы орган басшыларымен бірге мәлімдедік, - деді Бейсен Тәжібаев. 
Оның сөзінше, бұрын соттылығы бар адам үнемі бақылауда болуы тиіс. Қайғылы жағдайдан соң ауылдағы тұрғындар қылмысқа күдікті адамның қатаң жазалануын сұрап отыр. 
Расында, соттылығы бар, пробациядағы адамдарға қадағалаушы органдардан қырағылық қажет. Түрлі қылмыстар орын алғанда қылмыскерлер жеңіл жазамен құтылып кете берсе елдің наразылығы тереңдеп, заңның орындалуына деген сенімсіздігі арта береді. Әсіресе шекаралық ауылдарға, «Жібек жолы» сияқты тоғыз жолдың торабына айналған елді-мекендердегі тәртіпке айрықша көңіл бөлу өзекті болып отыр. «Қылмыскердің ұлты болмайды» дегендей, мұндай жайтта да дауға ілік іздейтіндер әркездеде табылады. Шындығында оған ешқандай себеп жоқ. Қылмыстың өтеуі жаза болса, қылмыскер қатаң жазаға тартылуы тиіс. Ауылдағы ағайынның да талап етіп отырғаны осы, - деді Б.Тәжібаев. 
Сондай-ақ, ол өз жазбасында Президентің Бас прокуратура мен ІІМ-не болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырғанын атап, қазіргі уақытта аталған органдар іске кіріскенін алға тартты.
"Күдіктіге қатысты қолданыстағы заңнамалар шеңберінде тиісті тергеу, қатаң жазалау шаралар жүргізілетін болады" деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары өз жазбасында.
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға