Жаңалықтар

Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді - Мемлекет басшысы

Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді - Мемлекет басшысы
Фото: akorda.kz 17.06.2023 11:55 1439

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында Түркістан қаласының ұлт тарихындағы маңызы туралы айтып, оның ерекшеліктерін атады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Түркістан шаһары ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келген еді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылғанын бәріміз білеміз. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізгені тарихтан мәлім. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан еді. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры ертеде жатқанын байқатады. Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарғаны тарихтан белгілі. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге жақын маңда тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан көрінеді, - деді Президент.

Қазақстан Республикасының Президенті Түркістандағы күллі қазақ көз тіккен құрылтайлда елдің болашағы айқындалып, қалың елдің салиқалы сөзге тоқтап, ел басқарған ерледің көш тізгінін қолға алғанын атады.

Ұлт тағдыры таразыға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқаны мәлім. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған екен. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді деп санаймын. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді деген сенімдемін. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды болып отыр. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысының Әділетті Қазақстанды қайта құру жолындағы алғашқы қадамдар туралы сөз айтты. 

Бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылған еді. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болып отыр. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасай алдық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар, еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді. Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты. Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ, біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік, - деді президент. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға