Жаңалықтар

Түркістан әкімі жылу қазандықтары мен бірқатар құрылыс нысандарын аралады

Түркістан әкімі жылу қазандықтары мен бірқатар құрылыс нысандарын аралады
Фото: El.kz 19.01.2023 20:23 1549

“Түркістанның әкімін тайқазан емес, "Жәйқазан" алаңдатады..."Түркістан" десе, талайды тұғыры биік тайқазан алаңдатады. Ал, қақаған аязда бүрсең қаққан халықты жауратпас үшін әкімді тайқазан емес, қала халқына жылыту беретін “жәйқазан” алаңдатып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Расында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековты күн суытқалы бері тайқазан емес, жұртқа жылу беретін “жәйқазанның” жайы қатты мазалаған секілді. Бұл туралы “тәптіштеп” айтқанда Түркістан өңірлік коммуникация қызметі бүйдейді:

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаладағы жылу қазандықтары мен бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Түркістан — облыс орталығы болған уақыттан бері үлкен құрылыс алаңына айналғаны ақиқат. Қаланың дамуы бекітілген бас жоспарға сәйкес жүзеге асып келеді. Қолданыстағы заңға сәйкес, барлық нысандар техникалық қадағалаушы және авторлық бақылаушы мекемелердің қортындысына сәйкес қабылданады.

Түркістан әкімі жылу қазандықтары мен бірқатар құрылыс нысандарын аралады

Құрылыс нысандарының сапасына қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда оны шұғыл назарға алып, қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда осы мақсатта «Жаңа қала» аумағында екі бекет ашылып, жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр.

Жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. 136 өтініш бойынша мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Түркістан жылу мекемесіне қатысты 124 өтініш мерзімінде қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жедел әрекет ету бригада құрамында газ, су, жарық және тазалық мәселелеріне жауапты мамандар бар.

Құрылыс басында мердігер мекеме өкілдерімен кездескен қала басшысы ескертулердің орындалуы бойынша есеп алып, мерзімінен кешіккен құрылысшыларға заңға сәйкес шара қолданылатынын назарға салды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. 33 мердігер мекеме ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.

Міндеттемесін орындамаған 19 мердігерге заңға сәйкес шара қолданылып, 9,5 млн. теңге айыппұл салынды. 15 мердігер мекеме Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасына (гаск) шара қолдануға ұсынылды - дейді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гаухар Нұрмаханқызы.

Түркістанның әкімін күн жылынғанша тайқазан емес, жылу беретін “жәйқазан” алаңдатып отырғаны рас.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға