unsplash.com

Turkish Airlines смарт-чемодандарды тасымалдауға тыйым салды

Turkish Airlines авиакомпаниясы құрамында литий батареясы алынбайтын смарт-чемодандарды ұшақпен тасымалдауға тыйым салды. Бұл талап қол жүгін де, тіркелген багажды да қамтиды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Haberler басылымына сілтеме жасап.

Шектеу енгізуге Қазақстан аумағындағы әуе рейсінде болған оқиға себеп болған. Ыстамбұлдан ұшқан әуе кемесі орындықтардың арасына түсіп кеткен пауэрбанк салдарынан кері қайтуға мәжбүр болды. Осы жағдайдан кейін Түркияның Азаматтық авиация басқармасы (SHGM) барлық әуе тасымалдаушыларына литий батареясы бар құрылғыларды тасымалдауға қатысты шектеу қоюды ұсынды.

Turkish Airlines мәліметінше, смарт-чемодан деп құрылғыларды қуаттауға арналған порты, GPS-трекері, Bluetooth, Wi-Fi модулі, электронды құлпы немесе кіріктірілген таразысы бар чемодандар есептеледі.

Егер чемодан ішіндегі литий батарея алынбайтын болса, оны ұшаққа қабылдауға тыйым салынады. Ал батарея алынатын жағдайда, оны рейске дейін шығарып алып, қол жүкпен бөлек алып жүру қажет.

Авиакомпания қазіргі уақытта Ыстамбұлдан Астана, Алматы және Түркістан бағыттарына тікелей рейстер орындайды.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлем елдеріндегі авиакомпаниялар литий батареяларын тасымалдауға қойылатын талаптарды қайта қарап жатыр. Бұл — батареялардың қызып кетіп, өрт шығару қаупімен байланысты.

Мұндай шектеуді Air Astana да қолданысқа енгізді. Жолаушыларға қуаты 100 ватт-сағаттан аспайтын екі аккумуляторды ғана алып жүруге рұқсат етіледі. Ал 160 ватт-сағаттан жоғары литий батареялар мен пауэрбанктерді тек компанияның арнайы келісімімен тасымалдауға болады.