Жаңалықтар

Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 08.07.2024 01:29 2041

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) бейресми Саммиті қарсаңында өткен ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға қатысушылар Ұйымның қызметін жетілдіру және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Көлік, логистика, коммуникация және климаттық өзгерістерге қарсы күрес сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығы аталып өтті.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы М.Нұртілеу өз сөзінде Қазақстанның «TURKTIME!» ұранымен өтіп жатқан 2023-2024 жылдардағы ТМҰ-дағы төрағалығы туралы айтып берды. Ол сондай-ақ біздің еліміздің Ұйымды одан әрі дамыту және оның әлемдік аренадағы беделін нығайту жөніндегі көзқарасын белгіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Мажарстандағы ТМҰ Өкілдік Кеңсесінің Атқарушы директорын тағайындау туралы шешім қабылданды, сондай-ақ ТМҰ Мемлекет басшылары Кеңесінің алдағы отырысы барысында қол қойылатын құжаттар бекітілді.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. ТМҰ хатшылығы Стамбул қаласында (Түркия) орналасқан. Қазіргі уақытта ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстанның бақылаушы мәртебесі бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға