Жаңалықтар

Түркі әлемінің өкілдері ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Түркі әлемінің өкілдері ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Фото: pixabay.com 12.09.2024 05:28 301

KazHakhStan-2024 киберқауіпсіздік жөніндегі жыл сайынғы халықаралық конференциясы басталды. Конференцияның алғашқы күні киберқауіпсіздік саласындағы ұлттық саясатты, сондай-ақ деректерді қорғауға қатысты заңнамалық мәселелер мен нормативтік актілерді жан-жақты талқылауға арналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара аясында «Түркі әлемінің цифрлық қалқаны: Қауіпсіздік жолындағы серіктестік» атты панельдік сессия өтті. Спикерлер Түркі әлемі елдері цифрлық қауіпсіздікті нығайту мақсатында қалай біріге алатындығын талқылады.

ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова кибершабуылдарға жылдам әрекет ету үшін салалық ұйымдармен үйлестіру және ынтымақтастықты дамыту және киберқауіптер мен оқиғалар туралы жедел ақпарат алмасу тетіктерін құру туралы айтып өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін маңызды аспект – кибершабуылдар мен қауіптерге жылдам әрекет ету үшін салалық ұйымдармен үйлестіру мен ынтымақтастықты дамыту. Бұл оқу-жаттығулар мен симуляцияларға бірлесіп қатысуды қамтиды.

Қазақстанның көзқарасы бойынша, киберқауіпсіздікке халықаралық тұрғыдан қарау киберкеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басқа түркітілдес мемлекеттермен белсенді ынтымақтастықты білдіреді.

Қазақстан киберқауіптер мен оқиғалар туралы жедел ақпарат алмасу тетіктерін құруға бағытталған, бұл инфрақұрылым мен деректерді тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Біздің еліміз киберқауіпсіздік саласында білім беру бағдарламаларын және зерттеу орталықтарын құруды қолдайды және өзекті мәселелерді шешуге білікті мамандар дайындайды, – деп бөлісті ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова.

Осылайша, Қазақстан өзін киберқауіпсіздік бойынша бірыңғай аймақтық көзқарасты қалыптастыруға белсенді серіктес ретінде көреді, бұл жалпы қорғаныс деңгейін нығайтуға және киберкеңістікте тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, басқа елдерден AKTA (Әзірбайжан) Бас директоры Элвин Балабанов, Electronic Security Service (Әзірбайжан) Бас директоры Самир Расулов, NCSC (Венгрия) директорының орынбасары Виктор Мункачи, Түркияның киберқауіпсіздік кластерінде киберқауіпсіздік бойынша оқыту маманы Эвен Хасипек және Мемлекеттік унитарлық кәсіпорын «Киберқауіпсіздік орталығы» департаментінің директоры (Украина) Максим Морозов сөз сөйледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға