Жаңалықтар

Туризм және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті

Туризм және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 05.12.2023 21:26 876

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен елордада сала бойынша қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиында туризм және спорт мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесін қалыптастыру, төрағасын сайлау, хатшыны тағайындау, ережені бекіту, төралқаны сайлау сияқты мәселелер қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кеңес құрамына салалық ұйымдардың басшылары, Парламент Сенатының депутаттары, спорт ардагерлері, Олимпиада және әлем чемпиондары, туристік қауымдастық өкілдері кірді. Ашық дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңестің төрағалығына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты  Бекболат Орынбеков сайланды.

Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы белгілі болған соң Ермек Маржықпаев сөз алып, аталған кеңестің маңыздылығына тоқталды.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде «қоғамдық кеңестер халық пен биліктің арасындағы дәнекерге айналуға тиіс» деп айрықша атап өткен еді. Туризм және спорт министрлігінің қайта ұйымдастырылуына байланысты қоғамдық кеңестің жаңа құрамын бекіту бойынша жұмыстар басталған болатын. Жұмыс тобының үйлесімді қызметінің арқасында Қоғамдық кеңестің сапалы құрамы жасақталды. Ол заңнаманың барлық талаптарына және уәкілетті органның ұсынымдарына толық сәйкес келеді. Азаматтық қоғамның қоғамдағы маңызды мәселелерге пікір білдіруі – Қоғамдық кеңес қызметінің негізгі мақсаты. Алдағы басқосулар бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, еліміздің спорты мен туризмін дамытуға бағытталған шешімдер қабылдауға сүбелі үлес қосатынына сенімдімін!, - деді министр.

Сонымен қатар жиын барысында Қоғамдық кеңестің хатшысы болып Туризм және спорт министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жобалық басқару департаментінің директоры болып Жаңыл Мұхтарова сайланды. Сондай-ақ қоғамдық кеңес комиссияларының жұмысын үйлестіру, кеңестің қызметін ұйымдастыру және ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету және кеңес ұсынымдарының орындалу барысына мониторинг жүргізетін туризм, спорт және ойын бизнесі бойынша да комиссияның төралқасы сайланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға