Жаңалықтар

Туризм – табыс кілті

Туризм – табыс кілті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 03.09.2024 13:08 810

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған мәселе көтерді. Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет екенін баса көрсетті.

«Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», – деді Президент.

Сонымен қатар, туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау маңызды екенін ерекше атап өтті.

Экотуризмге неге  баса назар аударылып жатыр?

Мұның себебі де жоқ емес. Кәдеге асыра білген елдер үшін туризм –табыс көзі. Бұдан бір жыл бұрын туризмнен ел бюджетіне 389 миллиард теңге түскені айтылған. Тоғыз айдағы табысы 7 миллиард доллардан асып жығылды. Ал 2033 жылға қарай ел бюджетіне 12 миллиард доллар табыс әкеледі деп болжанып отыр.  Елімізге былтыр бір милионнан астам шетелдік турист қыдырып келген. Мамандардың айтуынша, бір шетелдік турист екі жұмыс орнын жасайды. Ұлттық банктің дерегінше, орта есеппен 1,5 АҚШ доллары көлемінде пайда келтіреді.

Сәл шегініс жасасақ, Қазақстанда ішкі және сыртқы туризмді дамыту туралы сөз бұрыннан айтылып келеді. Енді сөзден іске көше бастағаны көрінеді. Өйткені, соңғы жылдары жақсы бетбұрыс бар. Туризм саласын дамыту үшін ең алдымен бір сауалға нақты жауап бере алуымыз керек. Ол – «шетелдік туристерге не ұсына аламыз, не көрсете аламыз? Қандай қызмет көрсете аламыз?» деген сұрақ.

Соңғы кездері еліміз туризм саласында экотуризмге баса назар аударып жатқаны аңғарылады. Бұл де тегін болмаса керек. Өйткені, еліміздің көз тартар көрікті жерлері аз емес. Тек оны кәдеге асыра білген жөн.

Қазақстанда кең даладан бастап керемет таулар мен оңаша көлдерге дейін әртүрлі экожүйелері бар кең аумақ бар. Бұл табиғи байлықтар экотуризмді дамытуға үлкен әлеует береді. Соңғы жылдары Қазақстан Үкіметі экотуризмді экономиканы әртараптандыру және қоршаған ортаны қорғау тәсілі ретінде белсенді түрде ілгерілетуде, – дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің «Халықаралық туризм және сервис» кафедрасының аға оқытушысы Шолпан Байжанова.

Экотуризмді дамытудың негізгі бағыттары

Маманның айтуынша, елімізде экотуризмді дамытудың негізгі бағыттары айқындалып отыр. Заңнамалық база жасалды. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заң (ЕҚТА) қабылданған. Экотуризмді қоса алғанда, ЕҚТА қызметін реттейтін ережелер әзірленді. Ұлттық саябақтарды, табиғи қорықтарды қоса алғанда, ЕҚТА желісі құрылып жатыр. Бұл аумақтар бірегей экожүйелерді қорғап, экотуризмнің негізін қамтамасыз етпек.

Инфрақұрылым және қызмет көрсету саласында серпіліс бар. Экологиялық қонақүйлер және экотуризмге маманданған туристік компаниялар саны артып келеді. Жаяу жүргіншілер жолдары, бақылау палубалары және басқа да экотуризм нысандары салынуда.

Қазақстан Халықаралық туристік көрмелер мен жарнамалық науқандарға қатысу арқылы экотуризмді дамытып жатыр. Жабайы табиғат пен мәдени көрікті жерлерге бағытталған арнайы туристік маршруттар әзірлену үстінде.

Қазақстандағы экотуризмнің перспективалық бағыттары айқындалып отыр. Атап айтсақ, Алакөл ойпаты құстар қорығында және Сарыкөл көлінде құстарды бақылау, Іле және Жоңғар Алатауы тауларында жаяу және атпен серуендеу, Іле өзенінің аңғарындағы және Үстірт үстіртіндегі археологиялық орындарға бару. Іле-Алатау ұлттық паркінің бірегей жапырақты орманында арқар және барыс сияқты сирек кездесетін жануарларды қызықтауға болады.

Қазақстанда экотуризмді дамыту экономикалық өсуге, табиғи және мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ адамдар мен қоршаған орта арасындағы байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер туғызады, – дейді Шолпан Байжанова.

Нені түзеу керек?

Мамандардың айтуынша, эктуризм – көп шығынды талап етпейтін туризм саласы. Табиғат аясына қымбат тұратын құрылыс салудың қажеті жоқ. Табиғаттың бастапқы қалпын сақтай отырып, адамдарға көрсете білуді көздейді.

Соңғы он жылдағы статистикаға көз жүгіртсек, әлдеқайда ілгерілеу бар екені айқын көрінеді. Десе де, әлсіз тұстарымыз жетерлік. Оның ішінде жол, яғни, инфақұрылымдар мәселесі, ұйымдастырылмаған әкімшілік құрылымдар бар. Алматыда ғана бұл жағынан жағдай біршама жақсы. Қалған өңірлерде туристердің келуіне жағдай жасалынбаған, – дейді туризм саласының маманы Мәриям Бекбол. 

Мемлекет басшысының Жолдауында туристік аймақтардағы  инфрақұрылым мәселесін арнайы қозғауы мамандардың пікірімен үндесіп жатқанын көрсетіп беріп отыр.

Қазақстанға келетін туристердің саны қанша?

Осы уақытқа дейін жасалған шаралардың нәтижесі де көрініп отыр. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, 2024 жылдың аяғына дейін елімізге 2 миллионға дейін шетелдің турист келуі мүмкін. 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,5 миллионға жетеді деп болжанып отыр. Ал ішкі туризм үш жылдың ішінде 15 пайызға көбейіп, 8,5 миллион адамға өсуі ғажап емес. Қытаймен визасыз режим орнағалы бері қытай туристерінің легі байқалады. Үндістаннан келген туристердің де қарасы көп. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қазақтың сөзі бар. 22 тамызда "Kazakh Tourism" АҚ және турбизнес өкілдері бастаған қазақстандық делегация Мумбайдағы 50-ден астам үнді туроператорлары мен Үнді қауымдастықтарының өкілдеріне презентация өткізді. Қазақстан Үндістандағы іскерлік туризмнің ең үздік бағыты деп танылып отыр.

Бауырлас Түркияның Ата-жұртым деп танитын Қазақстанға деген бейілі ерекше. Мәселен, Түркияның Ülke TV телеарнасы Түркістанның көрікті жерлері туралы баяндап, түріктерді Қазақстанға турист болып келуге шақырып отыр. Хабарда Қазақстанның туристік әлеуеті туралы толыққанды баяндалған. Сондықтан да, түрік жұртшылығы үшін Қазақстан сүйікті туристік бағытқа айналуы әбден мүмкін.

Туризм мен көшпенділер мәдениеті арасында не байланыс бар?

Әрине, табиғатымыз қанша жерден көрікті болса да, туристерді қызықтыратын басты нәрсе қайталанбас мәдениет екені анық. Бізге бәсекелес бола алатын асқар тау, шалқар көл, сайын дала жер бетінде аз емес. Ашығын айту керек, көрші Өзбекстанда Самарқанд, Бұқара, Хиуа секілді аспан астындағы көне мұражай-қалалар тұрғанда, Түркістандағы жалғыз Қожа-Ахмет Яссауи кесенесімен туристерді таңырқату аздық етеді. Ал көшпенді мәдениетімізді моңғолдар секілді соны өркениет ретінде ұсына білмедік. Тіпті, қорынып келгенімізді де айту керек. Моңғолдар былтыр туризм арқылы 1 миллиардтан аса таза пайда тапқаны белгілі. Экономиканы әртараптандырудың оңтайлы жолы  деп біледі.

Десе де, соңғы кездегі оңды үрдістер байқалып келеді. Соның бірі – Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Оның аясында көшпенділер мәдениетінің әлеміне терең үңілуге мүмкіндік беретін «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиектер» атты фотосуреттер мен арт-жұмыстардың көрмесі салтанатты түрде ашылды. Туристік бағыт ретінде көшпенділер мәдениетін ұсынуда моңғолдарға бәсекелес болуға ұмтылыс бар.

Димаш феномені турист тарта ма?

Туризм және спорт министрлігі туристерді елімізге тарту үшін барлық амалды жасап жатқаны байқалады. Атақты әнші Димаш Құдайбергеннің әлемде миллиондаған фанаты бар. Осы топты Қазақстанға тарту мақсатымен,  еліміздің туристік орындарында Димаштың бейнебаяны түсіріліп жатыр. Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындар паш етілмек. Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетіледі.  Әрине, мұны мамандар да сәтті қадам екенін айтады.

Димаш Құдайбергеннің клипі еліміздің табиғи алуан түрлілігін көрсетеді. Экологиялық таза бағыттарды ілгерілетіп, қазақ мәдениетіне назар аудартады. Атақты әншінің ықпалын пайдалана отырып, еліміздің оң имидж жасалып, экономикалық пайда әкеледі. Жалпы, Қазақстандағы экотуризмнің дамуына ықпал ете алады, – дейді Шолпан Байжанова.

Туризмге инвестиция қалай тартылып жатыр?

Қазіргі кезде туризм саласы қаржыдан таршылық көріп жатқан жоқ. 2024 жылы 1,52 миллиард теңге туристік өнім жасауға және ілгерілетуге бөлінуі тиіс. Жалпы, алдағы жылдары 4,6 миллиард бөлу жоспарланған. Ал былтыр 2,44 миллиард теңге жұмсалған.

Ал инвестиция жайы мүлде бөлек. Мәселен, биылғы жылдың алты айында Атырау облысының туризм саласына салынған инвестиция көлемі 6,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 175 пайызға көп. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында инвестиция көлемі 2,4 млрд теңгеге тең болған еді.

Туризм саласының дамуы үшін ең алдымен маман керек. Ағылшын және өзге тілдерде қызмет көрсете алу – аса маңызды. Маман тапшылығы туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Бұл олқылықты түзеуге бағытталған оңды өзгеріс аз емес. Айталық, жақында Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттеріне 800 білім беру гранты табысталды. Гранттар Туризм және спорт министрлігінің мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бөлініп отыр. Биыл білім беру грантын алу үшін еліміздің барлық өңірінен 925 талапкер құжат тапсырған.

Бұрындары туризм мамандығын грантқа іліккен аздаған шәкірт қана оқитын. Ал қазір студенттердің саны артып келеді. Бұл да – туризмге қызығушылықтың артқанының белгісі.Универстеттерде Digital эко-туризм пәндері оқытыла бастады, – дейді Мәриям Бекбол.

Экотуризм ұғымы қалай пайда болды?

Экотуризм ұғымын 1980 жылдары мексикалық эколог Эктор Себаллос-Ласкурайн енгізген. Экотуризм туристер қоршаған ортаның сақталуына және экожүйелердің тұтастығына жауапкершілікпен қарау принципін басшылыққа алатын саяхатты білдіреді. Туризмнің бұл түрі адамға рухани өсуіне ықпал етеді.

Экологиялық туризм – туристік индустрияның өркендеп келе жатқан секторы. Өйткені, әлемдік туризмнің 25%-ы экологиялық туризм үлесіне тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйым мәліметіне, сәйкес экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді.

Экотуризмнің негізгі мақсаты – халыққа экология туралы тереңірек білім беру. Сондықтан қазіргі таңда жоғары оқу орындарында болашақ туризм мамандарына пән ретінде оқытылып жатыр. Экологияға назар аудару, болашақ ұрпақтың экологиялық сауатын арттыру ауыл шаруашылығын өркендетуге, жұмыссыздықты азайтуға өз септігін тигізеді. Экотуризмнің мағынасын жаңсақ түсініп, яғни тек табиғатқа шығу деп түсінетіндер бар. Алайда, бұл – қате ұғым. Экотуризм – бұл табиғатты қорғаудан ләззат алу деп түсіну керек.

Экотуризмнің басқа туризм түрлерінен басты ерекшелігі сол, табиғи аумақтарға барған кезде биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтауға баса назар аударылады. Сонымен қатар  жергілікті қауымдастықтар үшін пайдалы болатын экономикалық жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда экотуризм әлемдік туризм индустриясында өте маңызды рөл атқарады. Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшыларының жорамалдауынша, туристік даму әлі де жаңа серпінге ие болмақ.

Экотуризмнің халықаралық статистикасына сүйенсек, АҚШ – экотуризмді дамытуда әлемдік көшбасшы мемлекетке айналып отыр. Туристер саны 200 миллионнан асып жығылады. Мәселен, АҚШ-та – 1,2 миллион шаршы шақырым, Финляндияда – 0,008 миллион шаршы шақырым, Австралияда – 0,9 миллион шаршы шақырым, Кенияда – миллион шаршы шақырым, ал Қазақстанда 0,26 миллион шаршы шақырым ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға