youtube.com/@AqyrysSeitqazy

Тұрақты түрде табысқа жету үшін ғылым мен спорт қатар жүруі керек – Алтай Танабаев

Еркін күрес дегенде ең алдымен еске Алтай Танабаев түсетіні анық. Білікті бапкер ұлттық құрама тізгінін ұстағанда, балуандарымыз аламандарда атой салып, Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған. Лондон олимпиадасынан соң көзден тасада қалған Алтай ағамыз жақында әріптесіміз Ақырыс Сейтқазыға сұхбат беріп, күреске ғылым ретінде қарау керектігін айтты. Сол сұхбатты шағымдап назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

– Алтай аға, сізді көргеніме қуаныштымын. Кездесуіміз Айдос Сұлтанғалидың жеңісімен тұспа-тұс келіп отыр екен...

– Шақырғаныңа рахмет! Алдымен грек-рим күресінің балуандарын айтулы нәтижемен құттықтаймын! Иә, жиырма алты жылдан кейін алғаш рет біздің балуанымыз чемпион атанды. Айдостың жеңісі – бүкіл қазақ күресі үшін үлкен қуаныш. Бұл нәтиже – оның маңдай тері мен еңбегінің жемісі. Егер осылай табанды еңбек ете берсе, болашағы зор жігіт қой.

– Жалпы, қазіргі еркін күрестің деңгейін қалай бағалайсыз?

– Нәтиже жаман емес. Биыл екі қола жүлде алдық. Бірақ мұндай жетістіктер жыл сайын қайталана бермейді. Өткен жылы Ризабек Айтмұхан мен Нұрғожа Қайпанов алтын алғаннан кейін халық алтынға үйреніп қалды, сол үшін алтын болмаса көңіл күйіміз түседі. Бірақ, менің ойымша, осы нәтиженің өзі жаман емес. Жалпы, біздің балалар ешкімнен кем емес, бұған өз көзіммен талай рет куә болдым.

– Сіз 2011 жылы Ыстамбұлдағы әлем чемпионатында бес лицензия алған құрамамен жұмыс істедіңіз ғой?

– Иә, сол жарыс – лицензиондық әлем чемпионаты болды. Жеті салмақтың бесеуінде жолдама алдық. Сол кезде басқа елдің бапкерлері таңғалып: «Қазақтарға не болды? Қорқынышты деңгейге жетті!» деген әңгімелер айтылды. Бұл – біздің еңбектің нәтижесі. Бірақ мұндай жетістік тек бас бапкердің немесе федерация президентінің қолындағы шаруа емес. Бұл – бүкіл жүйенің, облыстардағы бапкерлердің, спортшылардың, дәрігерлер мен мамандардың ортақ еңбегі. Арбаны бәріміз бір бағытқа тартқанда ғана нәтиже болады.

– Сіз «Нәтиже тек бас бапкерге байланысты емес» деп жиі айтып жүресіз...

– Дұрыс айтасыз. Кейде бәрін бас бапкерге үйіп-төгіп жатады. Ал іс жүзінде нәтиже спортшыны баптаған жеке бапкерге, облыстық командаларға, дайындық сапасына байланысты. Құрамаға дайын балуандарды әкеліп, шыңдап, жарысқа дайындап шығаратын – солар. Сондықтан әр бапкердің еңбегі маңызды.

Өкінішке қарай, бізде ғылыми сүйемелдеу жағы әлсіз. Мысалы, салмақ түсіру – үлкен ғылым. Оны дұрыс жасамаса, балуанның денсаулығына зиян келеді. Бізге ғылыми топ, спорттық медицина, фармакология саласында тәжірибесі бар нақты мамандар қажет. Себебі әлемдік деңгейге шығу үшін ғылым мен спорт бірге жүруі керек.

Дегенмен қазір ғылыми топ қана емес, тіпті қарапайым массажист немесе дәрігердің де қызметіне зәру болатын кездер де аз емес...

– Ол рас. Жапон балуандарының дайындығына қарасаңыз, олардың бұлшық еттері мықты, техникасы мінсіз. Олар салмақ қуаламайды, бар күшін сапалы дайындыққа жұмсайды. Бізге де сол жолмен жүру керек. Қазақ балалары талантты ғой, тек ғылыми, жүйелі тәсіл енгізу қажет.

– Қыздар күресі туралы не айтасыз? Өкінішке қарай, қыздарымыз бұл жолы жүлдесіз қалды...

– Мадина мен Жәмила Бақбергеновалар – еңбегі ерен қыздар. Кішкентайынан көз алдымызда өсті. Олардың жетістігі – төзім мен еңбекқорлықтың үлгісі. Қыз балаға спортта жүру қиын, өйткені жеке өмірі де, уақыты да шектеулі. Бірақ олар соған қарамастан нәтиже көрсетті. Балаларға да үнемі айтып отырамын: уақытты үнемдеу керек. Режим – табыстың кілті. Түнгі онға дейін ұйықтап, таңертең алтыда тұру – спортшының алтын заңы.

– Ал Нұрғожа Қайпанов туралы пікіріңіз қандай?

– Нұрғожа өте еңбекқор жігіт. Бірақ менің жеке ойым – оған салмақты 70 кг-ға емес, 74 кг-ға бейімдеу керек. Өйткені салмақты жиі түсіріп, қайта көтеру – ағзаға ауыр. Бұл таразыға салып өлшейтін нәрсе емес. Ол – үлкен ғылыми және медициналық процесс.

Жалпы, еркін күреспен 180-ге жуық ел айналысады, солардың арасында жүлде алу – үлкен мәртебе. Алда Азия чемпионаты мен Олимпиада бар. Сол жарыстар – нағыз көрсеткіш.

– Ризабек Айтмұханға қатысты да түрлі пікірлер айтылып жатыр.

– Ризабек – қазақ күресінің тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Сексен жылдық тарихымызда мұндай жетістік болмаған. Бұл – ұлттың мақтанышы. Бірақ ол осы биіктен түспеуі керек. Ризабек – жүз жылда бір туатын талант. Оны қоршап жүрген бапкерлері мен әкесі бар, солардың ақылын тыңдай білсе, әлі талай жетістікке жетеді. Бәріміз соған тілекшіміз.

– Сіздің бапкер ретіндегі ең есте қалар сәтіңіз қандай болды?

– Әрине, Ақжүрек Таңатаровтың Олимпиададағы жекпе-жектері. Ол – отты мінезді, намысқой бала. Сол кезде біраз даулы жағдайлар болды, тіпті әділқазылар шешіміне қатысты наразылықтар да айтылды. Бірақ Ақжүрек соңына дейін күресті, намысын бермеді. Сол жігіттің табандылығы көпке үлгі.

– Ақжүректің Олимпиадаға жолдамасы туралы шешім қалай қабылданды?

– Ол кезде лицензия алған басқа балуандар да болды. Бірақ мен Ақжүректің әлеуетіне сендім. Көпшілікте күмән болды, бірақ ол сенімді ақтады. Таңатаров – қазақ еркін күресінің тарихында ерекше орын алатын спортшы.

– Жалпы, еркін күрестің болашағы туралы не айтасыз?

– Бізде бәрі бар: талант, намыс, еңбекқорлық. Тек жүйелі жұмыс пен бірлік қажет.

– Алтай аға, өзіңізден Дәулет Шабанбай жайлы да сұрағым келіп отыр. 2012 жылғы Олимпиадада ол бесінші орын алып, кейін араға жеті жыл салып қарсыласының допингпен ұсталуына байланысты қола медаль иеленді. Сол сәтті қалай қабылдадыңыз?

– Иә, Дәулет ол кезде дайын болды. 2012 жылы медаль алу үшін бар күшін салды, бірақ сәттілік жетіспеді. Кейін жеті жыл өткен соң, әділдік орнап, оның еңбегі мойындалды. Қоланы кеш берді, бірақ бәрібір ол еліміздің абыройы. Шыны керек, сол сәтте қызу жарыстың әсерімен медаль алмауы жанкүйерге де, бізге де ауыр тиді. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды.

2011 жылы лицензияны Марид Муталимов алған. Ол Азия чемпионы болатын, тәжірибелі жігіт. Бірақ тәртіпке келгенде қиындау еді. Құрамаға шақырғанда «Дағыстанда дайындалып жатырмын» деп сылтауратты. Бір-екі рет шақырғанда да келмей қойды. Ал Дәулет болса еңбекқор, тыңдай білетін спортшы. Сондықтан лицензия иесін емес, дайын тұрған Шабанбайды қойдым. Ол менің бапкер ретінде тәуекелге баруым еді. Оның дұрыс шешім болғанын уақыт көрсетті.

– Құрама сол жылдары өте мықты болды ғой...

– Иә, 2012 жылғы құраманың рухы бөлек еді. Балалардың ынтымағы, намысы ерекше болатын. Қарапайым халық та қолдау көрсетті. Біреуі ет, біреуі бал, біреуі қымыз әкеліп, «құрама шықсыншы» деп тілеуін тіледі. Бұл – халықтың балуандарға деген махаббатының айғағы.

– Сіздің жаттығуларда ет асып, сорпа беретін дәстүріңіз бар дейді...

– Иә, ол рас (күледі). Қазақ баласына сорпадан артық қуат жоқ. Біздің балалардың генетикасы сондай – ет жеп, сорпа ішіп, терін шығарып алса, ертең жаттығуға тың тұрады. Сол үшін жылқы немесе ірі қара сойып, сорпа беріп отыратынбыз. Бұл – дәстүр әрі табиғи спорттық тамақ. Макарон емес, нағыз қазақтың асы ғой.

– Лондон Олимпиадасында жартылай финалдан кейін Ақжүрек Таңатаров қатты ызаланды дегенді естіп едім. Сол сәтте оны қалай жұбаттыңыз?

– Иә, сол бір сәт менің есімнен кетпейді. Ақжүрек өте отты, намысқой бала ғой. Жартылай финалда ұтылып қалған соң, ызамен өз-өзін ұстай алмай жылап жіберді. Содан желкесінен ұстап, далаға алып шықтым.

«Ақжүрек, алдыңда Рамазан Шайхин тұр. Ол – Олимпиада, әлем чемпионы. Ағаң Досымжан Таңатаровты да бәрі таниды. Елің сені танымайды деп ойлайсың ба? Қазір сен Олимпиада жүлдегері болсың, сені әлем таниды!» – дедім. Сол сөз әсер етті ме, көзі оттай жанып, кілемге шыққанда басқаша адамға айналды. Сол жекпе-жек – бапкерлік өмірімде ерекше есте қалған сәттерімнің бірі.

– Бірақ Олимпиададан кейін сіз біраз уақыт көзге көрінбей кеттіңіз…

– Иә, рас. Ол менің бірінші Олимпиадам еді. Ақжүрек те жас болатын, мен де толқулы едім. Оның финалға шыға алмағаны жүрекке қатты батты. Кейін елге келген соң, әркім әртүрлі пікір айтты. Көрген адамның бәрі сол жекпе-жек туралы сұрайды. Маған ешкім «кет» деген жоқ. Тек бір сәт өзімді артық адамдай сезіндім де, ауылға кетіп қалдым. Екі айдай тыныш жүрдім. Өте сезімтал адаммын ғой. Бірақ кейін өзімді жинап, жұмысқа қайта кірістім.

– Сол уақытта сізге кімдер қолдау көрсетті?

– Бауыржан Оспанов деген азамат бар, нағыз жанашыр, нағыз патриот. Сол кісі Алматы облысының күрес федерациясын құрғанда шақырып, «Алтаке, сіз керексіз» деді. Сол кісімен төрт жыл бірге жұмыс істедік. Тіпті маған көлік сыйлап, еңбегімді бағалады. Сол кісінің арқасында біраз жобалар іске асты.

– Сол жылдары Конфедерация кубогы да өткізілді ғой?

– Иә, өте керемет жоба болды. 25 миллион теңге жүлде қоры қойылды. Алматы облысының командасы төрт рет жеңімпаз атанды. Бұл балуандардың жігерін арттырды, елде бәсекелестік пайда болды.

– Сіз ұлттық құрамадағы легионерлер мәселесін де көтердіңіз. Неліктен қарсы болдыңыз?

– Легионерлер келіп, медаль алып береді. Бірақ ертең еліне кетеді, қазаққа сіңбейді. Леонид Спиридонов қазір Якутияда министр. Ал біздің балуандар неге өз елінің намысын қорғамасқа? Ызаланып кетіп «Қазақтар күресе алмайды деп кім айтты сендерге?» деп басшылыққа сөйледім. Әлемде өзбек, әзербайжан сияқты елдер де шетелдіктерді алады, бірақ түптің түбінде өз ұлдарын алға шығарады. Біз де соны түсінуіміз керек. Легионерлер керек, себебі олар жергілікті спортшылардың бабында болуына тікелей әсер етеді, лайықты қарсылас, бәсеке қажет. Сөйте тұра басымдық ең алдымен өз спортшыңа берілуі керек.

– Қазір еркін күресте қандай арман бар?

– Бір-ақ арман: қазақ балуанының Олимпиада чемпионы атанғанын көру. Марқұм Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да соны армандап кетті. «Қырық жылда бір қазақ еркін күрестен алтын алса ғой» дейтін. Парижде інісі Елдос Сметов ағасының арманын орындады, алайда Жақсылық ағамыз оны көре алмай кетті.

Бізде бәрі бар – талант, тәртіп, намыс. Тек бір нәрсе керек: бұл саланы жүрегімен істейтін мамандар. Егер соны түсінсек, Алла бұйыртса, Олимпиадада туымыз көтеріледі.

– Бапкерлік жолдың қиындығы туралы не айтасыз?

– Тоғыз, он айлап үй бетін көрмейтінбіз. Үйде балаларымның қай факультетте оқитынын да білмей қалатынмын. Бірақ шәкірттерім үшін ректордың алдына дейін барған күндерім болды. Өз балаларыма емес, елдің балаларына қызмет еттік. Бірақ сол еңбегіміз – ел намысы үшін ғой. Сол үшін бәріне ризамын.

– Ал жалпы, сіздің бапкерлік философияңыз қандай?

– Менің түсінігімде спортшы – тәртіп пен еңбектің жемісі. Күнделікті ұйқы, тамақ, режим, дайындық – бәрі бір-бірімен байланысты. Егер спортшы уақытымен жаттығып, салмақты дұрыс ұстап, өз бапкерін тыңдай білсе – міндетті түрде нәтиже болады.

Біздің балуандар ешкімнен кем емес. Тек бірлік керек. Егер бапкерлер, спортшылар, федерация мен ғылым бір бағытта жұмыс істесе, Олимпиадада туымыз көтеріледі. Мен соған сенемін.