Түнгі 1-де қол қойған министр: Сүлейменова олимпиада жеңімпаздарын марапаттады
Астанада 9-11 (12) сынып оқушылары арасында физика және биология пәндері бойынша өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. «Таным» көпбейінді кешенінде ұйымдастырылған жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жүлдегерлерге алтын медаль табыстады.
Биылғы олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам оқушы жиналды. Білім додасында үздік нәтиже көрсеткен мектеп оқушылары марапатталып, халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарға жолдама алуға мүмкіндік алды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген министр физика мен биология пәндерінің ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Биылғы олимпиада екі бірдей маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Біріншіден, еліміз жаңа Конституция аясында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Екіншіден, бұл білім бәйгесі Наурыз мейрамымен қатар өтіп отыр. Осылайша, республикалық олимпиада жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімді, ізденімпаз жастарға әрдайым үлкен сенім артады. Сондықтан дарынды оқушыларды қолдау үшін барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін де еске салды.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында түнгі уақытта олимпиада жеңімпаздарының дипломдарына жеке қол қойып отырғанын айтып, бұл қадамын ерекше ықыласпен түсіндірді.
Мен де мектеп жылдарында дәл осындай олимпиадаларға қатыстым. Жетінші сыныптан бастап білім бәйгесіне араластым, 9-10 сыныптарда облыстық деңгейде жүлдегер болдым. Сондықтан әр дипломға жеке қол қою арқылы сіздердің еңбектеріңізге құрмет білдіргім келді, – деді министр.
Ол жүлдеге іліне алмаған оқушыларға да қолдау сөзін арнап, кез келген тәжірибе болашақ жеңістің бастауы екенін жеткізді.
Жалпы, биыл республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 360 мыңнан астам оқушы қатысқан. Соның ішінде 1636 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша 930, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 706 оқушы бақ сынады. Сонымен бірге ауыл мектептері оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада 73 жеңімпаз анықталды.
Айта кетейік, сайысқа қатысушылардың шамамен 45 пайызы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

