коллаж El.kz

Түнде жұмыс істеу ағзаға қалай әсер етеді? Мамандар ескерту жасады

11.03.2026 18:45

Қазір түнде жұмыс істейтіндер көбейіп келеді. Кейбірі бұл уақытты шабыт көзі деп санайды. Ой жүйеленіп, идея санаға өздігінен келіп түседі деп ойлайды. Алайда бұл – жалған иллюзия. Ұзақ уақыт бойы түнде жұмыс істеу ағзаға ауыр қысым түсіріп, жүйке мен жүрекке, иммунитетке кері әсер етуі әбден мүмкін екен.

Түнгі жұмыс оңай емес...

Назым Амантай түнгі ауысымда жұмыс істейді. Ол Алматыдағы университеттің бірінде студент. Аптасына үш рет 24 сағат бойы істейтін қаладағы фаст-фуд дәмханасында кешкі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қызмет етеді. Күндіз университетке барып, сабақ оқиды.

Мен түнгі ауысымда аптасына үш рет жұмыс істеймін. Себебі күндіз сабаққа барамын. Студент болғандықтан, өз шығындарымды өзім жабуға тырысамын. Түнгі ауысымның бір жақсы жағы – жалақысы көбірек төленеді, – дейді Назым.

Оның айтуынша, бір түнгі ауысымда шамамен 20 мың теңге табыс табады. Айына кем дегенде 240 мың теңге табуға мүмкіндігі бар. Бұл ақша жол шығынына, тамаққа және күнделікті қажеттіліктерге жұмсалады.

Дегенмен түнгі жұмыс оңай емес. Назым түнгі ауысымда жүргелі бері ұйқы тәртібі өзгергенін айтады. Кейде түнде жұмыс істеп келген соң күндіз бірден ұйықтап кету қиын болады.

Түнде жұмыс істесем, күндіз толық ұйықтай алмаймын. Ұйқы режимім бұзылып кетті. Кейде сабаққа шаршап барамын. Бірақ қазір бәрі қымбат. Сондықтан жұмыс істеп, ақша табуым керек, – дейді ол.

Назымның айтуынша, оның достары да дәл осылай түнде жұмыс істейді. Бірі оқу ақысын төлеу үшін, енді бірі күнделікті шығындарын өтеу үшін қосымша табыс табуға мәжбүр. Сондықтан жастар арасында түнгі ауысымда еңбек ету жиі кездесетін құбылысқа айналып барады.

Ағзаға кері әсері бар ма?

Жоғарыда айтып кеткендей, Назымның түнгі ауысымға шыққалы бері ұйқысы бұрынғыдай емес. Таңға дейін жұмыс істегеннен кейін күндіз бірден ұйықтап кету оңай болмайды. Кейде аз ғана уақыт көз ілсе де, толық демалғандай болмайды. Мұндай жағдай түнгі ауысымда жұмыс істейтін көптеген адамға таныс.

Эндокринолог Гүлжан Аманбай мұның себебі ағзаның табиғи ырғағы бұзылуымен байланысты екенін түсіндіреді. Дәрігердің айтуынша, адам ағзасы түнде демалып, күндіз белсенді болуға бейімделген. Ал түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтауға тырысқанда, ағза толық қалпына келіп үлгермейді.

Егер адам түнгі 23:00-ден кейін кеш ұйықтаса, келесі күні ағзадағы рецепторлардың сезімталдығы шамамен 30 пайызға төмендейді. Сол себепті адам жиі ашығып, бір нәрсе жегісі келіп тұрады. Ұйқы қанған кезде жеген тамаққа ағза шамамен 5 бірлік инсулин бөлсе, ұйқы қанбаған кезде бұл көрсеткіш 15–20 бірлікке дейін артуы мүмкін. Инсулиннің осылай көп бөлінуі бір күнде бірден ауру тудырмайды. Бірақ уақыт өте келе жиналып, ағзада түрлі өзгерістерге әкелуі мүмкін, – дейді эндокринолог.

Дәрігердің сөзінше, түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар көбіне өзін шаршаңқы ғана сеземін деп ойлайды. Бірақ мәселе тек шаршауда емес. Ұйқының бұзылуы тәбетті арттырады. Адам жиі тамақ жегісі келеді. Әсіресе тәтті мен жеңіл-желпі тағамдарға әуестік көбейеді. Бұл уақыт өте келе салмақ қосуға да әсер етуі мүмкін.

Сондықтан маман түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарға мүмкіндігінше ұйқы режимін сақтауға кеңес береді. Күндіз демалатын бөлме тыныш әрі қараңғы болғаны дұрыс. Тамақты да белгілі бір уақытта жеген жөн. Бұл ағзаға түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.

Неліктен адамдар түнгі жұмысқа бейім?

Түнгі ауысымның  денсаулыққа айтарлықтай кері әсері бар. Соған қарамастан, көптеген адам дәл осындай жұмыс кестесін таңдап жатады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі – қаржылық мүмкіндік. Көптеген мекемеде түнгі ауысым үшін қосымша ақы төленеді. Сондықтан кей адамдар үшін бұл табысын арттырудың бір жолы. Назым сияқты студенттер де көбіне осы себеппен түнгі жұмысты таңдайды. Екіншіден, түнгі уақытта жұмыс орнында адамдар аз болады. Әдетте басшылық пен әріптестер сирек келеді. Сол себепті жұмыс та тыныш өтеді. Кейбіреулерге дәл осындай орта ыңғайлы. Ал кей адамдар күндіз оқуына, жеке шаруасына немесе отбасына уақыт бөлу үшін түнгі режимді таңдайды. Дегенмен адам ағзасы бастапқыдан мұндай режимге бейімделмеген.

Адам ағзасының биологиялық сағаты

Адам ағзасында «биологиялық сағат» деп аталатын табиғи жүйе бар. Ол ағзаның тәулік бойындағы жұмыс тәртібін реттейді. Мыңдаған жыл бойы адамзат күн шыққанда оянып, қараңғы түскенде демалып өмір сүрген. Сол себепті ағза күндіз белсенді болып, түнде ұйқыға дайындалады. Мұны ғылымда циркадтық ритм деп атайды.

Бұл ритм ағзадағы көптеген процеске әсер етеді. Мысалы, кешке қарай ми ұйқы гормоны – мелатонинді бөле бастайды. Ал таңертең керісінше сергектік беретін гормондар көбейеді. Дене температурасы, ас қорыту жүйесінің жұмысы, гормондардың бөлінуі – барлығы осы табиғи ырғаққа бағынады. Сондықтан түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтауға тырысқанда ағза толық қалпына келе алмайды.

Ұйқы тек демалу ғана емес. Ұйықтап жатқан кезде ми да өзін тазартады. Күндіз жиналған зат алмасу қалдықтары арнайы жүйе арқылы сыртқа шығарылады. Егер ұйқы жиі бұзылса, бұл процесс те әлсірейді. Ғалымдардың айтуынша, уақыт өте келе мұндай өзгерістер мидың жұмысына да әсер етуі мүмкін.

Түнде адамның зейіні төмендейді

Мамандар түнгі ауысымда ұзақ уақыт жұмыс істеу ағзаға қосымша салмақ түсіретінін айтады. Түнде адамның зейіні төмендейді. Сол себепті кейбір жұмыста қателік жіберу немесе жарақат алу қаупі жоғары болады. Сонымен қатар ұйқының бұзылуы зат алмасуға да әсер етеді. Ағза жиі тамақ сұрайды, тәтті немесе калориясы жоғары тағамдарға әуестік артады. Бұл уақыт өте келе салмақ қосуға, тіпті қант диабеті сияқты аурулардың қаупін арттыруы мүмкін.

Кей зерттеулер түнгі жұмыс бүйрекке де әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Мысалы, бірнеше елдің ғалымдары жүргізген зерттеуде түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарда бүйрек тасының пайда болу қаупі жоғары екені анықталған.

Нені білу керек?

Дегенмен түнгі ауысымда жұмыс істеуге тура келсе, денсаулыққа ерекше көңіл бөлген дұрыс. Ең алдымен ұйқы тәртібін сақтауға тырысу керек. Мүмкіндігінше күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянған жөн. Күндіз демалатын бөлме қараңғы әрі тыныш болғаны жақсы.

Дұрыс тамақтанудың да маңызды зор. Түнгі уақытта ауыр тағамнан гөрі жеңіл әрі пайдалы ас таңдаған дұрыс. Ал аздап қозғалу, серуендеу немесе жеңіл жаттығу ағзаны сергітіп, шаршауды азайтуға көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, мұндай қарапайым әдеттер түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарға ағзасын қорғап, денсаулығын сақтауға көмектеседі.