Түнде телефон қараудан соқыр болып қалу мүмкін бе? Маман жауап берді
Пирогов университетінің офтальмология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Татьяна Павлова «түнде телефон қарау арқылы соқыр болып қаласың» деген болжамды жоққа шығарды. Дегенмен маман оның зияны барын да алға тартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маманның айтуынша, телефонды қараңғыда пайдалану мен жедел жабық бұрышты глаукоманың арасында тікелей себеп-салдар байланысы жоқ. Шынайы жағдай басқаша: егер адамның көзінің алдыңғы камера бұрышы туа біткен тар болса, онда гаджетті толық қараңғыда қолдану ұстаманы қоздыруы мүмкін. Ал көпшілік үшін мұндай әдеттің басты зияны – көздің талуы, құрғауы, бас ауруы.
Мұндайда «глаукома ұстамасы бар адамдарға көру қабілетін қалпына келтіруге бола ма?» деген сұрақ туындайды. Бұл жерде әр минут қымбат. Жедел глаукома – шұғыл медициналық көмек қажет ететін жағдай. Егер алғашқы сағаттарда дәрігер көмегі көрсетілсе, қысымды төмендетіп, көруді сақтап қалуға болады. Ал егер кешіксе, көру нерві қайтымсыз зақымданып, көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмайды.
Түнгі уақытта жұмыс істейтіндер мен кешкі скроллингтен бас тарта алмайтындар үшін дәрігерлер бірқатар кеңес береді:
- толық қараңғыда жарық экранын пайдаланбаңыз, міндетті түрде фон жарығын қосыңыз;
- құрылғыда түнгі режимді белсендіріп, экран жарығын реттеңіз;
- «20-20-20» ережесін сақтаңыз: әр 20 минут сайын экраннан басыңызды көтеріп, алыстағы нысанға 20 секунд қараңыз;
- офтальмологқа жүйелі түрде қаралып тұрыңыз, ол мәселені ерте анықтауға көмектеседі.

