Жаңалықтар

«Түн ортасында таң атады». Мәжілісте уақыт белдеуі мәселесі қаралады

«Түн ортасында таң атады». Мәжілісте уақыт белдеуі мәселесі қаралады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі 06.09.2024 17:48 538

Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында депутаттар өңірлердегі жазғы сапарлары кезінде сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерді талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиі көтерілген мәселелердің қатарында уақыт белдеуін қайта қарау тақырыбы болды. Талқылау нәтижесінде қоғамдық ауқымды ұсынысты ескере отырып, аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдар мен сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен өтетін Мәжілістің алдағы жалпы отырыстарының бірінде қарау туралы шешім қабылданды.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге сапары кезінде жиналған халықтың барлық проблемалық мәселесі жүйеленіп, оны шешу үшін Үкіметке жолданатынын атап өтті. Бұл жұмыстың қорытындысы жыл соңында Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде ашық қаралады.

Осы орайда бірқатар депутат Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындарын толғандырған ең өзекті мәселелердің қатарында UTC+5 уақыт форматына көшу екенін атап өтті. Кездесулер барысында азаматтар депутаттарға дәл осы мәселеге байланысты туындаған қолайсыздықтар туралы көп дәлел келтірді – түн ортасында таң атады, әдеттегіден әлдеқайда ерте қараңғы түседі. Мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне кері әсер етеді.

Бұған қоса, бастамашыл азаматтар тобы осы мәселе бойынша тиісті петиция жариялап, ол қоғамда қызу талқыға түсті. Жуырда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында бұл мәселені «AMANAT» фракциясының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысынан сайланған бірмандатты депутат Лұқбек Тумашинов көтерді. Алайда сауда және интеграция министрінің бұл мәселе үш жылдан кейін қаралады деген жауабын халық қалаулылары жеткіліксіз деп таныды.

Аталған мәселе бойынша депутаттар Лұқбек Тумашинов, Ринат Заитов, Юлия Кучинская, Дәулет Мұқаев, Нұртай Сабильянов, Асхат Аймағамбетов, Дүйсенбай Тұрғанов және өзге де азаматтар пікір білдірді.

Осы тақырып төңірегіндегі қоғамдық үлкен резонансты ескере отырып, талқылау нәтижесінде фракция депутаттары мүдделі мемлекеттік органдардың, ғалымдардың, сарапшылардың және өңірлердегі өкілдердің қатысуымен алдағы уақытта өтетін Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін ашық қарау туралы шешім қабылдады. Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, оны Үкіметке ұсыну жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға