Жаңалықтар

Тұмса жырдың тұнығы

Таңжарық ақын өз шығармашылығында нені қуаттаған? Жолдыұлы жырларындағы дерек қандай ой айтады?
Тұмса жырдың тұнығы
22.03.2019 13:50 5156

Таңжарық Жолдыұлы – қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырған айтулы ақын. Алаш ұранды әдебиеттің қытай қазақтарындағы ту ұстаушысы. Замана бейнесін өлең сөзбен кестелеп қана қоймай, шығармашылығымен өзі өмір сүрген қоғам болмысына ықпал еткен қайраткер тұлға. Ақынның сан қырлы болмысы, бітімі бөлек таланты туралы бұған дейін де аз айтылып, кем жазылған жоқ. Алайда Таңжарық тұлғасы – әлі толық ашылмаған қазыналы арал. Бұл қысқа жазбада біз ақын өлеңдеріндегі деректік негіздер жайында сөз қозғамақпыз.

Ақын поэзиясының мазмұндық тіні елді ояту, жұртты өнер-білімге шақыру сипатынан көрінеді. Ақын шығармашылығында басты һәм сүбелі орын алатын ағартушылық бағыттағы өкілдік өлеңдерінен «Қазаққа арнау», «Жастарға», «Оқып көр газетімді», «Қылығы надандардың еске түссе», «Оқы қазақ, қалам ал», «Біздің қазақ не ғып жатыр», «Мыс қазан», «Жігіттерге» т.б. өлеңдерін атауға болады. Автор бұл өлеңдерінің қай-қайсысында болмасын туған елін, өскен жұртын қуаты күшті білім нәрімен сусындауға шақырады.

«Бұл өмір бір күн өтсе, өтіп жатыр,

Талпынған талабына жетіп жатыр.

Байқасам қаладағы ел алға кеткен,

Қырдағы біздің қазақ неғып жатыр»,-деп жүйрік уақыт көшіне тоқтау жоқ екенін, оған тек ілесіп, жетегіне жүргендер ғана сүбелі үлестен олжа алатынын аңдатады. «Олжалы жерде орыннан қағылып, жоралы жерде жолдан қағылып» жүрген өз алашына күйінеді. Алға озған қалалы жұрт машина жасап, техника меңгеріп жатқанда өз қазағының ағаш ыңғуырлап, астау-шелек жасаудан аспай жатқан өнерсіздігіне қынжылады. Ақынның сондай өлеңдерінің бір парасы «Жігіттерге» деп аталады. Мұнда да ақын:

«Жігітке әуел керек білім деген,

білімсіз ілтипатқа ілінбеген»,-деп басты өлшеуіш білім деген шешімін шегелей түседі. Ағарту тақырыбына саналы түрде қалам тербеген ақын шығармаларының деректік сипатына тереңдеп үңіле түсу үшін Жолдыұлының азаматтық көзқарастарының толысу, жетілу кезеңдерін айқындау қажет. Сол арқылы ақын шығармаларының әр кездегі көтерген жүгі, көздеген нысаны да айшықтала түспек. Ақынның қалыптасу, жетілу кезеңін салыстырмалы түрде мынадай кезеңдерге бөліп қарастыра аламыз:

Бірінші кезең Мыңбай молдадан ескіше сауат ашып, кейіннен Шақпы медресесінен тәлім алған, 1919 жылы 16 жасында Іле аймағына аты белгілі Күре шуетаңына оқуға түскенге дейінгі азаматтық көзқарастарының қалыптаса бастаған тұсы. Бұл кезеңді Таңжарықтың діни білімдер мен шығыс әдебиет үлгілерінен тоят таппай, білімге мейлінше қомағайланған қалыптасу мерзімі деп таныған дұрыс.

Таңжарық Жолдыұлы отбасымен.

Екінші кезеңді Күре шуетаңында жүріп, есеп, сауда кәсібі, тарих, жағрапия, қытай тілі т.б. арнаулы пәндер оқуын оқыған, ауыл-аймақ ауқымынан алысқа көз салған түлеген шағы дер едік. Бұл тұста ақын да ел-жұртының көрген зәбір-жапасын, тауқымет азабын ауыл арасының ішкі қайшылығынан емес, тікелей саяси факторлар есебінен іздей бастаған.

Үшінші кезең ақынның Сетіккөкпен Қалжат арқылы Нарынқол асып, нағашы жұртына баруы, осында 3 жыл үзбей білім алған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ақын бұл жылдарда елдің жағдайымен етене танысады. Әсіресе, ақынға рухани тұрғыдан қатты әсер еткені Қарқара жәрмеңкесінде болып, елдің игі-жақсыларымен жүздесуі, сұхбаттасуы еді. Мұнда ол жаңаша білім алу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, Ыбырай, Абай есімдерінен бастау алатын ағарту мектебінің кәусарынан барынша қанып сусындады. Бала жасында Сасан ауылына жететін «Айқап», «Қазақ» басылымдарынан оқыған, сіңіргендерін енді мұнда басқа да кітаптар арқылы қорытып, байыта түсті. Бұл кезең ақынның пайым-парасат тұрғысынан барынша кемелденген тұсы болды. 1925 жылы Қытайға қайта оралған Таңжарық енді елді барынша оята түсуге тырысты. Оның ағартушылық бағыттағы өлеңдерінің де басым көбі осы тұста жазылды.

«Айтамын оянсын деп жастарыма»

Бар болса ар жағыңда білімге ұмтыл,

Сол керекең алдымен жас жаныңа»,-деп сөз сабақтайтын тұсы да Таңжарықтың осы оралған кезі еді.

Ақын шығармаларының деректік сарынын аңдататын енді бір белгі – өлеңдерінде кездесетін кісі аттары мен жер-су атаулары. Таңжарық ақын өлеңдерінде молынан кездесетін жер-су аттары ақын туындысында шежірелік ажар беріп, деректік маңызын барынша күшейте түседі.

«Саршоқы, Алматы мен Ешкіқора,

Кендірін аршып алып ексен жерім.

Көкшоқы, онан кейін Ашылыбұлақ,

Аралап неше басып кескен жерім.

Көктекше, Көрсайшоқы, Аққорам-ай,

Аң қуған ертеменен, кешпен жерім.

Телқара, Бестөбе мен қайран Шақпы,

Қалмайсың қайда жүрсем естен жерім»,-деп келетін «Туған жер» өлеңінде ақын өзі туған топырақ туралы анық та қанық мәлімет береді. 1943 жылы Үрімжі түрмесінде жазылған бұл өлеңде кездесетін жер атауларының өзі тарихтан біраз сыр суыртпақтауға мүмкіндік бергендей.

Ақынның кісі аттары мен мекен атаулары қамтылған өлеңінің тағы бір түрі «Түрме тарихы» деп аталатын шығармасы.

«Қысқаша түрме тарихы мынау еді,

Алты жыл абақтыда көргендерім»,-деп басталатын түрме эфсанасында автор өз көргендерін бастан-аяқ баян етеді. Бұл «Түрме тарихында» Қожанияз, Тұрдақын, Айса төре, Жайнақов, Еменбай, Әкімқожа, Абылаев, Сұлтан төре, Мақсұт т.б. саяси қайраткерлер мен кісі есімдерінің аталуы, оларға қатысты оқиғалар мен дәйектік маңызды күшейте түседі.

Таңжарық Жолдыұлы шығармашылығында анық көрінетін деректік сипатының енді бірі – фактілік дәйектер. Бірақ мұндағы факті ұғымын жекелеген деректен гөрі тұтас оқиға мағынасында қарастырған абзал. Тағы да сол «Түрме тарихы» туындысында ақын өзінің абақтыда 6 жыл отырғанын, кімдердің абақтыға жабылғанын, ел серкелерін қалай ұсталғанын, неше лекпен қанша кісі ұсталғанына дейін – барлығын ыждағаттықпен жіпке тізгендей баяндайды. Өз кезегінде шығармалардағы мұндай фактілік-деректердің деректанулық маңызының да күн өткен сайын арта түсетіні белгілі.

Таңжарық Жолдыұлы.

Біз аңғарған ақын шығармасының деректік сипатына ықпал ететін фактордың бірі ақынның мінезі, турашылдығы дер едік. Өйткені мінезсіз айтылған ой қоғамдық пікір тудыруға қауқарсыз. Осы тұрғыдан келгенде ақын азамат ретіндегі ұстанымын әділдік жолынан айнымау, туралық тұғырынан ауытқымау деп таниды. Мұны ол өз өлеңінде

«Ақынға елдің берген тілеуі бар:

Жауыздың мінін айтып сөксін деген»,-деп тұжырымдайды. Ал, шынтуайтына келгенде, ақын жазуын ғана емес, керек жерінде жақынын да сынаған өжет мінезді, турашыл тұлға. «Алпысбай ақалақшыға» деген өлеңінде:

«Бұқараң қай жеріңе мәз болады,

Басына келген дертін қаға алмасаң»,-деп төтесінен кетеді.

Немесе

«Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,

Қай қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас»,-деп 1935 жылы наурыз айында Құлжада құрылған «Қазақ-қырғыз ұйышмасының» құрушысы Мақсұт екенін жырлап айтып, шашбауын көтерсе, тағы бір өлеңінде:

«Тақсыр-ау мансабыңыз қуандай ма,

Бұл мансап күннен күнге жуандай ма?

Халықтан «әскерге» деп ап жатырсың,

Барғанда ақыретке сұралмай ма?!»,-деп халыққа алымды тым ауырлатып жібергенін тікелей айтып салады. Ал бұл тұрғыдан келгенде біз Таңжарық өлеңдерінен Махамбет Өтемісұлы жырларының алмас қылыштай тіліп түсер өткір мінезін байқаймыз.

Тұтастай алғанда, Таңжарық өлеңдерінің деректік сипаты әлі де нақтылай түсуді қажет етеді. Аталған шағын мақала сол зерттеудің бір тамшысы деп білеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға