Тұмау өршіп тұр: қалай қорғануға болады?
Қазақстанда маусымаралық кезеңде тұмау мен ЖРВИ белең алып, соңғы уақыттарда 150 мыңнан астам адам ауырған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5,8 пайызға жоғары.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдай маусымдық норма шегінде екенін айтқанымен, эпидемиологтар халықты сақтық шараларын күшейтуге, ал дәрігерлер вакцинацияны дер кезінде алуға және осы уақытта дұрыс тамақтану мен иммунитетті көтеруге шақырып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталының тілшісі.
Қазан айының ортасынан бастап A типті вирустар жиі анықталып жатыр. Министрлік эпидемиологиялық ахуалдың жалпы алғанда маусымдық норма шегінде екенін атап өтеді. ЖРВИ бойынша жалпы динамика тұрақты:
- Эпидмаусым басталғалы 1,27 млн жағдай тіркелген,
- Бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 19%-ға аз.
А типті тұмаудың 304 жағдайы зертханалық түрде расталған. Бұл – жыл сайын айналымда жүретін стандартты маусымдық H3N2 штамы. Мамандардың айтуынша, вирустың жаңа, қауіпті түрлері анықталмаған.
ДДҰ болжамы бойынша биылғы маусымда A (H1N1), A (H3N2) және B штамдары басым болады. Осы үш штам да Қазақстанда қолданыстағы вакцина құрамына кіреді.
Қанша адам егілді?
Министрлік тұмау маусымына дайындық аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 2,1 млн доза вакцина сатып алған. Бұл халықтың 11%-ын қамтуға мүмкіндік береді және ДДҰ ұсынған деңгейге сай.
Қазіргі таңда:
- 1,9 млн адам, яғни халықтың 9,4%-ы вакцина салдырған.
Вакцинация науқаны жалғасып жатыр.
- Тегін егілетіндер қатары:
- медицина қызметкерлері,
- диспансерлік есептегі балалар,
- жетімдер,
- мүгедектер,
- жүкті әйелдер,
- 65 жастан асқан қарттар,
- созылмалы ауруы бар азаматтар.
Вакцинаны емханаларда немесе жеке медициналық орталықтарда ақы төлеп алу мүмкіндігі бар.
COVID-19 да жоғалған жоқ
Эпидемиологтар коронавирустың да айналымда бар екенін айтады. Алайда бұрынғы жылдармен салыстырғанда оның таралу деңгейі біршама төмен.
Мамандар профилактиканың негізгі ережелерін еске салады:
- қол гигиенасын сақтау,
- үй-жайларды жиі желдету,
- адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағып жүру,
- ауру белгілері байқалғанда өзін-өзі емдемей, дәрігерге қаралу.
Иммунитетті күшейтетін тағамдар
Осы ретте Астана медицина университеті Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрбергеннің айтуынша, қазан-қараша айларында ауа райы салқындап, ЖРВИ мен тұмау жиілейтін кезең. Бұл уақытта адамның иммундық жүйесі әлсіреп, ағзаның қорғаныс қабілеті төмендейді. Сол себепті дәл осы мезгілде дұрыс әрі құнарлы тамақтану аурудың алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі екенін айтады.
Сондай-ақ маман күзгі суықта ағзаға дәрумендер мен минералдар ерекше қажет екенін атап өтті.
Оның ішінде С дәруменіне бай цитрус жемістері, қарақат, итмұрын сияқты өнімдер иммунитетті күшейтіп, вирустарға қарсы табиғи қорғаныс қабілетін арттырады. Бұл тағамдар ағзаның тез қалпына келуіне көмектесіп, суық тиюдің алдын алады және қабыну процесін азайтады, – деді Жанна Нұрберген.
Маманның айтуынша, сәбіз, асқабақ, қызылша сияқты күзгі көкөністер тыныс жолдарының шырышты қабатын қорғауда ерекше рөл атқарады. Бұл өнімдер А дәруменіне өте бай, ал А дәрумені – ағзаның сыртқы инфекциялардан қорғайтын негізгі микробқа қарсы кедергілерінің бірі.
Ал балық, жұмыртқа, ірімшік, сары май D дәрумені иммундық жүйені күшейтеді. D дәрумені ағзаға инфекциямен тиімді күресуге көмектеседі. Бұл тағамдар сүйек, бұлшықеттің дамуына да әсер етеді. Жалпы энергия деңгейін көтереді, – дейді ол.
Дәрігерлер әсіресе жылы сорпа немесе буға пісірілген көкөністерді жиірек тұтыну маусымаралық кезеңде тиімді екенін айтады. Өйткені бұл тағамдар ас қорытуға жеңіл, ал олардың құрамындағы антиоксиданттар ағзаның қабынуға қарсы реакциясын күшейтеді. Көкөністерді күнделікті рационға енгізу, маманның сөзінше, тыныс жолдары үшін табиғи «қорғаныс қабатын» сақтап, тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алуға ықпал етеді.
Жанна Нұрберген жаңғақ, бал және құрма секілді табиғи өнімдер суық мезгілде ағзаның қуат қорын толықтыруда аса маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етті.
Жаңғақ, бал, құрма энергияны арттырады. Бұл өнімдер табиғи глюкоза, пайдалы майлар және минералдарға бай. Суық мезгілде шаршауды азайтып, ағзаға тез қуат береді. Әсіресе күннің қысқарып, ұйқы мен режим бұзылатын күз, қыс маусымында бұл өнімдер иммундық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі, – дейді.
Сондай-ақ маман күніне аз мөлшерде жаңғақ пен балды тұтыну ағзаның жалпы төзімділігін арттырып, вирустық инфекциялармен күресте қосымша қолдау беретінін атап өтті.
Маман ерекше атап өткен тағамдардың бірі – ұзақ уақыт қайнатылған сүйек сорпасы. Оның құрамы минералдарға, кальций мен магнийге, коллаген мен аминқышқылдарына бай болғандықтан, әлсіреген ағзаны қалпына келтіруге өте тиімді. 7-10 сағат бойы баяу отта қайнаған сорпа ас қорытуға жеңіл, әрі суық тигенде, шаршағанда немесе иммунитет төмендегенде ағзаны тез толықтырады. Сорпаны көкөністермен бірге ішу оның пайдалы әсерін күшейтеді, ал дәрумендер мен табиғи минералдар иммунитетті табиғи жолмен қуаттандырады. Осы себепті маман сүйек сорпасын суық маусымда күнделікті тамақ рационына енгізуді ұсынады.
Суық маусымда ағзаға жан-жақты энергия мен сапалы ақуыз қажет, ал оны ең тиімді қамтамасыз ететін тағамдардың бірі – ет өнімдері. Әсіресе жылқы және қой етінің қоректік құрамы жоғары бағаланады.
Бұл еттер сапалы ақуызға, темірге және В дәрумендеріне бай. Олар қан құрамын жақсартып, әлсіздікті азайтады, ұзақ мерзімді тойымдылық пен күш береді, – деді.
Маманның айтуынша, дәл осы дәрумендер кешені қан түзу процесін жақсартып, ағзаның әлсіздігін азайтады, ал темір тапшылығының алдын алады. Жылқы мен қой етінің баяу ыдырайтын ақуызы ұзақ мерзімге тойымдылық беріп, суық күндері ағзаның энергия қорын тұрақтандыруға көмектеседі. Сонымен қатар мұндай ет тағамдары бұлшықет тонусын сақтап, ағзаның инфекцияға қарсы күрес қабілетін күшейтеді.
Сондай-ақ Жанна Нұрберген тұздалған қырыққабаттың пайдасына тоқталды.
Ашытылған немесе тұздалған қырыққабат – суық маусымда ерекше пайдалы тағамдардың бірі. Тұздалған қырыққабат табиғи пробиотик саналады, өйткені оның құрамында ішек микрофлорасын байытатын пайдалы бактериялар көп. Ас қорытуды жақсартып, ағзаға инфекциямен күресуге қолдау береді, – дейді ол.
Ғалымдар иммундық жүйенің 70 пайызы ішекте орналасатынын айтады, сондықтан микрофлораның тепе-теңдігін сақтау вирустардан қорғануда өте маңызды.
Мамандар тұздалған қырыққабат үнемі тұтыну ас қорытуды жақсартып қана қоймай, ағзаның инфекциялармен күресу қабілетін арттыратынын атап өтті. Оның құрамындағы С дәрумені, ферменттер мен табиғи органикалық қышқылдар қабынуды азайтып, токсиндердің шығарылуына ықпал етеді. Әсіресе суық мезгілде ферменттелген тағамдарды рационға қосуды ұсынып, бұл өнім иммундық жүйенің беріктігін сақтауға көмектесетінін атап өтті.
Иммунитетті әлсірететін тағамдардан бас тарту
Жанна Нұрберген суық маусымда иммунитетті әлсірететін кейбір өнімдерді шектеу маңызды екенін айтты.
Ақ ұннан жасалған тағамдар нан-тоқаш, бәліш, макарон азайту қажет. Олар ағзаға артық жүктеме түсіреді және қабыну процесін күшейтуі мүмкін. Қант пен тәттілерді шектеу керек. Тәтті тағамдар иммундық жасушалардың жұмысын баяулатады, – деді.
Сондай-ақ ол қант пен тәттілерді тұтынуды барынша азайтуды ұсынады. Себебі тәтті тағамдар иммундық жасушалардың белсенділігін төмендетеді, ағзаның вирусқа қарсы күрес тиімділігін әлсіретеді. Қызылша қантынан, кондитерлік өнімдерден және тәтті сусындардан артық мөлшерде алынатын глюкоза ағзада қабынуды күшейтіп, инфекцияға бейімділікті арттыра түседі.
Фастфуд – маман атап өткен тағы бір қауіпті санат. Қуырылған, майы көп, өңделген тағамдар ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтер бермейді, керісінше иммундық жүйені әлсіретіп, токсиндердің жиналуына ықпал етеді.
Фастфудты жемеген дұрыс, ол иммундық жүйені әлсіретеді, қабынуды күшейтеді және ағзаның вирустарға қарсы тұру қабілетін төмендетеді, – дейді.
Жиі тұтынған жағдайда фастфуд ағзаның вирустарға қарсы тұру қабілетін төмендетіп, тыныс жолдарының инфекцияларына бейім етеді.
Бұдан өзге маман күн салқындағанда адамдар суды аз ішетінін айтады. Бірақ жеткілікті су ішу ағзаның вирусқа қарсы қорғанысын күшейтеді. Мұндай кезде иммундық жүйені күшейту үшін пайдалы тағамдарды ғана көбейтіп қоймай, ағзаны әлсірететін өнімдерден бас тарту да маңызды. Диетологтар мен дәрігерлер қыста жиі тұтынатын кейбір тағамдардың керісінше иммунитетті төмендететінін айтады.
Неліктен су маңызды?
- Вирусқа қарсы қорғанысты қалыпта ұстайды;
- Ағзадан токсиндердің шығуын жеделдетеді;
- Қан айналымын жақсартып, иммундық жасушалардың белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Мамандар күніне 2-3 литрге дейін су ішуді ұсынады, ал бөлме температурасындағы немесе жылы суға басымдық берген дұрыс.
Қорытындылай келгенде, қазан-қараша айларында ЖРВИ мен тұмаудың белсенді өршуіне қарамастан, дұрыс тамақтану, вакцинация және жеке гигиенаны және иммунитетті сақтау, ең тиімді тәсілдердің бірі. Мамандар рационды ақ ұннан жасалған өнімдер мен артық тәттілерден азайту маңызды екенін, бұл ағзаның қабыну деңгейін төмендетіп, вирустарға қарсы табиғи қорғанысты күшейтетінін айтады.
Сондай-ақ күнделікті тамаққа ет, әсіресе жылқы мен қой етін қосу, ашытылған қырыққабат, сәбіз, қызылша сияқты көкөністерді тұтыну және дәруменге бай өнімдерді пайдалану ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады. Жанна Нұрбергеннің сөзінше, осындай тағамдар иммундық жүйені табиғи жолмен қуаттандырып, ағзаны вирустардан қорғайды, шаршауды азайтады және жалпы денсаулықты нығайтады.
Демек, дұрыс тамақтану – мықты денсаулық пен вирустық инфекциялардан қорғанудың кепілі. Күні бойы теңгерімді, дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну арқылы әр адам өз иммунитетін күшейтіп, күзгі-суық маусымда сырқаттану қаупін айтарлықтай төмендете алады.

