Жаңалықтар

Туған жер тарихымен таныстыратын жоба

«Balapan» арнасы кішкентай көрермендерге арналған реалити-шоу ұсынбақ
Туған жер тарихымен таныстыратын жоба
21.05.2018 12:29 5392

19 мамыр күні «Жұмбақ жер» атты танымдық реалити-шоудың баспасөз таныстырылымы өтті. ҚР Ұлттық музейде ұйымдастырылған шараға тек БАҚ өкілдері ғана емес, кішкентай бүлдіршіндеріміз де қатысып, жобаның мақсат-мұратымен танысты.

Бағдарламаның алғашқы бөлімінде шоу жүргізушісі, музей қызметкері, археолог Айдар Қасеналинмен бірге музейдегі «Ежелгі дүние», «Орта ғасырлар тарихы» және «Алтын» залдары бойынша экскурция жасалды.

«Жұмбақ жер» археологиялық телеэкспедициясы – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын балаларға түсінікті тілде жеткізу үшін Қазақ жеріндегі киелі мекендер, археологиялық қазба жұмыстары арқылы таныстыру.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған ақпараттық-танымдық бағдарлама бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтуді, тарихқа оның ішінде археологияға деген қызығушылығын оятып, төзімділігін шыңдауды, ойды жүйелеу қабілеті мен шығармашылығын дамытуды, сондай-ақ, тосыннан кездескен қиындықтармен күресіп, діттеген мақсаттарына жетуге деген құлшынысын арттыруды көздеп отыр.

Реалити-шоудың басты кейіпкерлері археология саласында 15 жылдық тәжірибесі бар Айбар Қасеналин және «balapan» балалар арнасының кастингі арқылы өткен ұл мен қыз бала.

Олар 1 айдың ішінде 2 қала және 14 облыстың аумғынан жол талғамайтын көлікпен жүріп өтіп, Сақ дәуірінің ескерткіштерінен бастап Жібек жолының бойындағы Сауран, Отырар, Түркістан, Сығанақ сынды көптеген көне қалалардың орындарында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына қатысады. Есік, Бесшатыр, Саба қорымдары, Жартас пирамидасы, Үштоғай төрттағаны, Торғай свастикасы сынды геоглифтер орналасқан ерекше жерлермен танысады. Археологиялық жәдігерлерді жаңғыртатын «Қырым Аралы» зертханасына, тарихи музейлерге барады.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, түсірілім тобы, жүргізушілер арнайы қонақ үйлерде түнемей, кәдімгі түз далада шатыр тігіп, көшпенді өмірдің қызығы мен шыжығын сезбек.

Реалити-шоудың кішкентай көрермендері экспедиция мүшелері барған әрбір археологиялық нысанның арнайы 3D – дизайн мамандары дайындаған 3D жаңғыртпасын көріп, ерте кездегі келбетімен, ішкі құрылысымен танысатын болады.

"Бүгінгі күні ұлттық тарихымызды қайта жаңғырту өзекті мәселенің бірі болып отыр. «Жұмбақ жердің» концепциясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп, астасып жатыр. Осы шоу арқылы тарихи мұраларымызды қалың көрермендерге таныстырып, олар сол жерлерде болғандай, шын сезінетіндей мүмкіндік жасаймыз. Тарих – ғылымдардың ішіндегі нақты ғылым. Себебі, оның дәлелі бар. Міне, біз сол тарихты көрсетеміз. Жоба барысында Қазақстанның 70-ке жуық тарихи жәдігерлерін аралаймыз. Біздің қос жүргізушіміз барлық оқиғаның басы-қасында болады. Табылған жәдігерді қалпына келтіруге дейінгі аралықты көрермендеріміз де көзбен көреді. Жоба барысында жермен-жексен болып жатқан кей ескерткіштердің 3D моделін жасаймыз. Тарихты осылай жаңа бағыта көрсетіп, оның жаңғыруына септігімізді тигізбекпіз,"  – дейді «balapan»  арнасының директоры Мақпал Жұмабай.

Айбар Қасеналин, археолог:

– Жалпы, телеарналардың қоғамға берері көп. Ал оның ішіндегі кішкентай бүлдіршіндерімізді тәрбиелеуде «balapan» арнасының үлесі зор. Сол үшін тарихи жобамызды осы арнамен бірлесе, жүргізіп отырмыз. Реалити-шоуымыз Есік қорғанынан басталады. Оның біздің тарихымызда орны ерекше екенін барлығымыз жақсы білеміз.

Мен алғаш тарихи ескерткіштерді 10 жасымда көрген едім. Көне мұралардан сол кездегі алған әсерім археолог мамандығын таңдауға әсер еткендей. Осы жоба арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі кішкентай бүлдіршіндердің де археологияға деген қызығушылығын тудырамыз деп ойлаймын, – деді.

Шара соңында таңғы ас беріліп, арнайы сыйлықтар тапсырылды. Ал реалити-шоудың түсірілім тобы, жүргізушілері кездесуден соң, бірден жол талғамайтын көлікке отырып, Алматыға аттанып кетті.

Фото автордікі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға