Жаңалықтар

Туған жерінің даңқын асырған спортшылар

Спорт саңлақтары
Туған жерінің даңқын асырған спортшылар

Байрақты бәсекелерде еліміздің туын желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жүрген әйгілі спортшыларымыз кейінгі толқын жастарға үлгі болып жүрген тұлғалар. Олардың жеңістері біздің жастарымызды тек қана жарқын істерге, жақсы бастамаларға жетелейді. El.kz порталы Дүйсен Әмірханның «Жарбұлақтың жарық жұлдыздары» атты кітабына сүйене отырып, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Жарбұлақ ауылынан шыққан спортшылардың өмірі мен жеткен жетістіктері туралы баяндайды.

Асқар алған асулар

Асқар Болысқанұлы Арқабаев 1972 жылы 3 қаңтарда Семей облысы, Мақаншы ауданы, Жарбұлақ ауылында көп балалы зиялылар отбасында дүниеге келді. Қаракерейден тарайтын Тума руына қарасты Жарық әулетінің тумасы. Тарихи деректерде Тарбағатай тауының баурайындағы Қарғалыны ен жайлаған Жарықтарды үкімет орындары 1930 жылдары ұжымдастыру кезеңінде Жарбұлаққа қоныстандырған көрінеді. Арқабай әулетінің бұл өңірге келу тарихы осылай басталады.

Батырлары мен балуандары көп шыққан Жарық руының ауызға алар ағалары арасынан аты Одаққа мәлім КСРО спорт шеберлері Марат Батырбай мен Берік Жирентайды бөле-жара атауға болады. Салмағы 68-74 келі аралығындағы Марат Батырбаев қазақ күресінен абсолюттік салмақта салмақтары 100-ден асатын балуандардың аяғын аспаннан келтіретін.

Асқар өзінің спорттық шежіресін 1984 жылы ауылдағы мәдениет үйіндегі еркін күрес секциясына жазылудан бастады. Күрес әліппесін Төлеутай, Сайлаухан, Секен ағаларынан үйренді. Бастапқыда ауылдың жаттығуға келген тентектерінің мүйіздеуінен жасқанып жүрді. Бармай-ақ қояйын десе, қатал әкенің бақылауы бар. Кейіннен күресі жүрді. Аудандық, облыстық жарыстарды жеңіп алғаннан кейін әлгі тентектер де мұны көрсе айналып өтетін болды.

1985-1986 жылдары Асқар самбо күресіне ауысты. Ауылда спорт мектебі ашылып, жаттығулар да бір жүйеге түсті. Соның нәтижесі болар облыстық жарыста чемпион атанды. 1988 жылы Семей, Қызылорда қалаларында өткен үлкен турнирлерде жолы болып жеңіске жетті. Сол жылы орта мектепті түгескен болатын. Бағын Семейдің беделді оқу орны Н.Крупская атындағы пединституттың дене тәрбиесі факультетіне сынап көріп еді болмады. Оқуға түсе алмаған соң бір жыл ауылда күрестен жаттықтырушы болып жұмыс атқарды. 1990 жылы әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Бір жағынан Асқардың спортта балуан болып бағының жануына Кеңес армиясының қатты әсері болды деуге толықтай негіз бар.

Жастайынан жақсы дайындықпен өскен Асқарды 1990 жылы Хабаровск қаласындағы әскери спорттық бөлімге аударды. Көп ұзамай Владивосток қаласында самбо күресінен бүкілодақтық турнир басталды. Бұл аралықта шеберлігі өскен Асқар аталған жарыста абыройлы екінші орыннан көрініп, КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Кейіннен дзюдо күресінен округтің чемпионы атанып, «Динамо» спорт қоғамының атынан әскерден қайтқанша күресті.

1992 жылы әскери борышын абыроймен өтеп, елге аман-есен оралды. Сол жылы балуандар ұстаханасы саналатын Семейдің малдәрігерлік институтына түсті. Жаттығуды балуандар баптаудың шебері Серік Тоқтарғазин мен Серік Қоржыкенов те бастады. Семейдің намысын ту етіп көтерген сол заманның спорт жұлдыздары – Әлем кубогының иегері Зекен Шәймерден, самбодан Азия чемпионы, қазақша күрестен республиканың неше дүркін абсолютті чемпионы Қуаныш Салықбай, спорт шеберлері Серік Сәрбиев, Қайсар Құдышев сынды балуандармен бірге жаттықты.

1990 жылдары Қазақстанда самбошылар арасында бәсеке өте мықты болатын. КСРО-да алдыңғы орында тұрған самбошыларымыз Одақтың соңғы спартакиадасын командалық бәсекеде жеңіп алды. 1992 жылы әлем кубогын Алматыда олжалады. Бұл үлкен жетістік еді!

Асқар 1993 жылы Өскемен қаласында өңшең самбоның көкжалдары жиналған чемпионатқа 57 келіде күресіп, аса тартысты жекпе-жектерде төртінші орыннан көрінді. 1994 жылғы чемпионатқа бір жыл тынбай дайындалды. Көптен күткен чемпионат Шымкент қаласында қаңтар айында жалауын көтерді. Жарыс та басталды, командалас достарының арасынан Зекен Шәймерденов атақты Байшолақовтардың бауыры Жанат Байшолақовтан ұтылып күміс жүлдеге ие болды. Асқар алғашқы жекпе-жегін самбодан әлем чемпионы атақты Бауыржан Садықановпен бастады. Бауыржан жылдамдыққа күресетін балуан. Қарсыласын аяқпен іліп барып қолымен қосымша тартып құлататын әдісті асқан шеберлікпен жасағанда көз ілеспейді.

Осыдан бір жыл бұрын Омск қаласында өткен әлем чемпионатының финалында әлем кубогының иегері, Қырғызстандық Виктор Тихоновты 9:0 есебімен ұтып жатып, соңғы 20 секунд қалғанда қолы ауыртпалы әдіске түскеніне қарамай шыдамдылық көрсетіп, жеңіске жеткен балуан.

1995 жылы еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарының спортшылары арасынан универсиада спорттық бәсекелері өтті. Осыған орай Қазақстанда күресетін мықты спортшылардың басым көпшілігі студенттер екенін ескерсек, бәсекенің жоғары болатыны айдан анық еді. Аталған жарыста дзюдо күресі бойынша бақ сынады. Бұл жолы бес айналымда ешкімге дес бермей келіп, финалда Сидней олимпиадасы ойындарында Қырғызстан атынан қатысып, қола жүлдеге ілінетін Айдын Смағұловқа жолықты. Бес минут бойы белдесуде Айдыннан ұпай санымен ұтылды. Айдын сол жылы Канада елінде өткен дүниежүзілік универсиада ойындарына барып алтыннан алқа тақты.

Аталған жарыстан оралысымен «Бапкерлік жұмысқа ден қойсам ба?» – деген ойлар оралды. Бір есеппен алғалы отырған мамандығы да малдәрігері. Бірақ малдәрігерлік институтын бітіріп алып, малдәрігері болып жатқан спортшыларды байқамапты. Сөйтіп, 1997 жылы Семей қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналасты. Кейіннен білімі мамандығына сай болуы керектігін ескеріп, өзі бала кезден армандаған Шәкәрім университетінің дене тәрбиесі мен спорт факультетін сырттай оқып, екінші жоғары білім алды.

Бапкерлік жұмыста жүріп, жаттығуларын да үзбей, жарыстарды да құр жібермей қатыса бастады. 1998 жылы Қазақстан дзюдо әлемінде бір шоғыр жұлдыздар Али Хамхоев, Кадзоев, Вещагуров сынды шәкірттер даярлаған Тілеухан Әміржановтың турнирінде 62 келіде бағын сынап көріп, чемпион атанды. Жарыс нәтижесіне орай дзюдо күресінен спорт шебері нормативін орындады.

2000 жылы Республикадағы мықты балуандардың басын қосқан «Ақ бидай» ауыл-село спортшыларының бәсекесінде айы оңынан туып, қазақша күрестен жеңімпаз атанды. 2002 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, өз салмағында бас бәйгені иеленді. Балуандық өнерде бұйырғанын алып, күрестің үш түрінен спорт шебері атанып, белгілі межеден көріне білген Асқар, шырайлы Семей қаласында бапкерлік қызметімен жемісті еңбек етуде. Шәкірттері де ұстаз еңбегін рәсуа етпей сан додада олжа салып жүр. Соның бір айғағы Асқар Болысқанұлының «Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алуы.

Бүгінде Арқабай ата әулетінің түтінін түтетіп отырған өмірлік серігі, ұстаз Жанар Әскербайқызымен балаларының тәрбиесіне де көңіл бөлуде. Үйдің үлкені Райхан ҚазҰУ-де заман талабына орай жаңа технологиялар мамандығын игеруде. Ұлы Барақ күрестен облыстың чемпионы, Шәкәрім университетінің студенті. Кенже қыздары Іңкәр мен Кәусар мектеп оқушылары.

Сағдаттың самғауы

Сағдат Кәбірұлы Садықов 1973 жылы 29 шілдеде Семей облысы, Мақаншы ауданы, Жарбұлақ ауылында дүниеге келді. Біз тілге тиек еткелі отырған балуанымыз самбо күресінен спорт шебері, қазақша күрестен абсолютті салмақ бойынша республиканың бірнеше дүркін чемпионы, дзюдо күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Алғаш рет ауылдағы күрес залына орта мектептің бірінші сыныбына барған кезде қызықтап бас сұққаны есінде. Қоңыр күзде ауылдың осындай қара сирақтарын спортзалға жинайтын Төкен аға бастаған бапкерлер де жаттығуларын бастайды. Кішкентай Сағдаттың бастапқы кезде кілемнің шетінде отырып тамашалайтын қызығушылығы ақыры күрес кілеміне шығарды. Сөйтіп, 1981 жылы небәрі екінші сыныпта оқып жүріп, ауылында ұйымдастырылған жарысқа қатысады. Содан ең жеңіл салмақта екінші орын алып, қолындағы бір жапырақ мақтау қағазымен қуанышы қойнына сыймай үйге келгені әлі есінде. Кейіннен Жарбұлақта үлкен республикалық турнирлер өте бастады. Жекпе-жек өнерін игеруге келген әрбір талапкер өзінен үлкен аға буынның күресінен тәлім алады. Сағдатқа қатты әсер еткені белгілі самбошы, мақаншылық Еркебұлан Ақмолиннің боз кілемдегі күресі, балуандық бітім-болмысы, жүріс-тұрысы болатын. «Мен де осындай көпшіліктің көзайымына айналатын балуан болсам» – деген балалық арман сол кезде қылаң берген болатын.

1986 жылы Жарбұлақ ауылында спорт мектебі ашылды. Ауыл балалары еркін күрестен «Куртка», «Белбеуге» күресетін самбоға ауыса бастады. Спорт мектебінің директоры Секен Шәріповтың тәлімімен самбошы Сағдат та шеберлігін ұштай бастады. Алғашқы жаттығулардың бірінде, атақты Асқар Арқабаевпен алысамын деп ауыртпалы әдіске түсіп қалып, жаны көзінің ұшына көрінгені есінде. Бірақ жеңілістерге беті қайтпай жаттығуларын ары қарай жалғастыра берді. Балуанның басты қағидасы «Жеңілістер жеңіске бастайтынына» көзі жетті. Ақырындап күресі нәтиже бере бастады. Ауылда өткен Рақымғали Төлеубеков турнирінде екінші орын алды. 1986 жылы небәрі алтыншы сыныпта оқып жүріп, Ново-Шульбада өткен самбошылардың жарысында бірінші орынға шықты. Іле-шала Семей қаласында өткен самбошылардың республикалық бәсекесінде бас бәйгені олжалады.

1990 жыл Сағдат үшін ерекше жыл болды. Жарбұлақтағы орта мектепті аяқтап, құжаттарын Алматы қаласындағы дене тәрбиесі институтының күрес бөліміне тапсырды. Сол жылы малдәрігерлерін даярлайтын институттың бес бірдей мықты балуанын жекпе-жекте жеңген Сағдат Садықов спорт шеберінің күміс белгісін омырауына қадаған болатын. Спорт шебері атанысымен аудан көлемінде бұған деген көзқарас өзгеріп әжептәуір беделге ие болды. Күресі жүре бастады. Қызылорда қаласында өткен республикалық турнирде чемпион атанды.

1991 жылы татар халқы ұлттық күресіміз деп әспеттеп жүрген белбеу күресінен Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласына белдесуге барды. Аталған жарысқа Орта Азия мен Қазақстанның дене тәрбиесі институттарының студент жастары қатысқан болатын. Белбеу күресін қырғыз, өзбектер «Кураш» деп атайды. Қазақша күреске ұқсағанымен ерекшелігі сол қарсыластар бір-бірін белдіктен орай ұстап, не жеңіп, не жеңілмей қолдарын босатпайды. Сағдаттың оң жамбасына келген осы күрестен бұл жолы күміс жүлдеге қол жеткізді. Бір қызығы финалда жеңілген тәжік балуанынан келесі жылы Шымкентте екінші мәрте өткен Орта Азия мен Қазақстанның студент жастары жарысының ақтық сынында жолықты.

Институтқа түскен жылы жеке бапкері болмады. Спортшыға бапкерсіз жаттығудың өзі біраз кедергі келтіреді. Әйтеуір сәті түсіп Садық Мұстафаевтан шақырту алды. Білікті бапкермен төккен тер текке кетпеді. Целиноград қаласында өткен Қазақстан чемпионатында дзюдо күресінен қола жүлдеге ілікті.

1993 жылы Талдықорған қаласында бүкілқазақстандық студент жастар ойындары жалауын көтерді. Аталған жарыста сәтті өнер көрсеткен Сағдат Канаданың Квебек қаласында өтетін дүниежүзілік студенттер ойындарына жолдама алды.

Алғашқы жекпе-жегін Сағдат сәтті өткізіп жеңіске жетті. Екінші айналымда жолыққан мықты немістен айласын асыра алмай діңкесі құрыды. Бірақ ту көтеріп анықтайтын «Ханте» белгісімен төрешілер жеңісті Сағдатқа ұстатты.

Үшінші жолыққан француз қарсыласымен уақыттың соңына дейін айқасқан. Есеп теңбе-тең. Бұл жолы төрешілер француз балуанын жеңіске лайық деп тапты. Енді француздың финалға аман-есен жетуін тілеп, балуандар «Утешилка» дейтін үшінші орынға, «Жұбаныш» белдесулерін қайта бастады.

Сағдат үшінші орын үшін голландық балуанмен күресті. Бастапқыда екі рет қарсыласының «Зацеп» әдісіне ілінді. «Юка», «Кока» ұпайымен голландық алға шыққан. Қарсыласына сенімділік пайда болды ма? Еркінсіп аяққа ұмтылған сәтте, белдіктен алып тіземен көтере бере жамбастай жата лақтырған. Сөйтіп, Сағдат Садықов дүниежүзілік студенттер ойындарынан қола жүлдемен оралды. Бұл оның шетелге алғаш аяқ басқандағы қомақты олжасы еді.

1995-2000 жылдар аралығында қазақша күрес, дзюдо, самбо күресінен өткен жарыстардың барлығын құр жібермей қатысып, жүлдегер де жеңімпаз да атанды. Дзюдо мен қазақша күрестен Қазақстан ұлттық құрама командасының белді мүшесі болды. Жеткен жетістіктерге тоқталмай құлашын кеңге сермеді. Яғни басты мақсаты олимпиада ойындарында күресіп көру еді.

2002 жыл Иранда өткен үлкен халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті. Иран мен Әзірбайжан балуандары мықты болып келеді. Алғашқы бәсекеде ирандық балуаннан айласын асырып басым түскен. Балуандар дайындық жүргізіп жатқан жерде, қарсылас Әзірбайжандық екі балуанның әңгімесін құлағы шалып қалды. «Бұл балуан кәрі қасқыр, боз кілемде ұзақ жылдар жүрген тәжірибелі дзюдошы. Бізге мұны жеңу оңай бола қоймас» – деп отыр. Расында да тәжірибе пайдасын тигізді ме? Екеуі де финалға дейінгі жекпе-жекте Сағдатқа жол берді.

2004 жылы көктем айында Алматы қаласында дзюдо күресінен өткен Қазақстан чемпионатына қатысты. Бағы мен бабы келіскен Сағдат 73 келіде азулы қарсыластары Атаев, Ақтаев, Шақаровтардан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды. Аталған чемпионаттағы жеңіс, Алматы қаласында өтетін құрлық біріншілігіне жолдама әперді.

Құрлық бәсекесі олимпиада ойындарының қарсаңында болғандықтан айтулы бәсекеге Азияның ең мықты деген балуандары жолдама алу мақсатымен келген болатын. Құраманың бас бапкері Манарбек Таутанов балуандарды жақсы дайындықпен әкелді. Соның нәтижесінде балуандарымыз жеңістің биік тұғырына көтеріліп, ән ұранымызды ойнатып, туымызды биікке көтерді. Баса айтсақ Базарбек Домбай, Мұратбек Қыпшақбаев, Асхат Житкеев алтыннан алқа тақты. Жеті салмақта олимпиада лицензиясы жеңіп алынды.

Сонымен олимпиада лицензиясы үшін басталған бәсекеде, Сағдат алғашқы жекпе-жегін Қырғыз елінің балуанымен бастаған. Ұстасқан бетте машықты тәсілімен арқа тұстан белдіктен алған күйі қырқа шалған, қарсыласы арқаға құлаған сәтте ұстау әдісіне салып баса қалды.

2004 жылдары спортта жеткен жетістіктері біршама деңгейге жеткен Сағдат спорттық өмірден кейінгі тіршіліктің қамына түсті. Сол жылы Толқын Кішікбайқызымен отау құрды. Ағайын-туыс, дос-жарандарының бастары қосылып, дүрілдетіп тойы өтті. Толқын Нархозды тәмамдаған есепші бухгалтер. Дүниеге Рахат, Мақсат, Қайрат атты сәбилері келді. Бастапқыда Сағдат МАИ қызметіне жұмысқа тұрған. Дегенмен ғұмырын спортқа арнаған адамға қол емес болып көрінді. Кейіннен ШҚО спорт басқармасының бастығының орынбасары қызметін атқарды. Біраз жыл Өскемен қалалық спорт басқармасының басшысы болды. Саналы ғұмырын спорт саласымен байланыстырған Сағдат Кәбірұлы, бүгінгі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде спорттық бағдарлау спорты бойынша мемлекеттік бапкер.

Бұрынғы балуан, бүгінгі мемлекеттік қызметкер Сағдат Кәбірұлы аталған спорттың қыр-сырын жақсы меңгерген. «Біздің қазақ халқы балаларын күреспен бокстан басқаға бергісі жоқ. Спорттық бағдарлау адам баласына керекті спорт. Мәселен, дүниенің қай түкпірінде адассаң да компас, карта, жұлдызға қарап бағдарыңды айқындап аласың. Мұның болашағы зор және дамытуға лайықты спорт» – дейді мемлекеттік бапкер.

Ерланның ерлеуі

Ерлан Сіламбай 1981 жылы 3 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қабанбай ауылында дүниеге келді. Күрес әліппесін Жарбұлақ спорт мектебінде үйреніп, кейіннен республикалық Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт колледжінде дәріс алды. 1998 жылғы Мәскеу қаласында өткен жастар олимпиада ойындарында дзюдо күресінен жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ. Сонымен қатар, Ерлан ересектер арасынан Азия чемпионатының қола жүлдегері, дзюдо күресінен Қазақстан спартакиадасы мен чемпионатының жеңімпазы, дзюдо күресінен халықаралық турнирлер жеңімпазы.

1995 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған Қажымұқан спорт мектебіне оқуға түсті. Сөйтіп, үлкен спортқа жол тартты. Аталған оқу орнында сол жылдары Манарбек Таутановтың тобына түсіп дәріс ала бастады. Ол кісінің 2004 жылы Афины олимпиадасына дзюдо құрама командасының бас бапкері ретінде барғаны жұртшылық есінде.

Оқу орнына қабылданысымен кезек күттірмейтін жарыстар легі басталды. Алғаш рет 1997 жылы Түркия астанасы Анкарада өткен дүбірлі додада бақ сынады. 50 келі салмақтан артылған 8 келіні қуып түсіріп барған еді, онысы жарыс барысында әсер етпей қоймады. Түрік пен грузин балуанынан басым түскенмен, ресейлік Гадановтан ұтылды. Кейіннен бұл балуан атақты дзюдо жұлдыздарының қатарына қосылды. Жыл өткізіп барып, Гадановпен Ингушетияның Назрань қаласында 66 келі салмақта жолығып есе қайырды.

1997 жылы жасөспірімдер арасынан Қазақстан чемпионаты өтті. Алматы қаласы еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған өрен дзюдошылар белдесулер көрігін қыздырып жіберді. Бастысы республиканың екі мықты ұжымы Қажымұқан Мұңайтпасов мектебі мен Каркен Ахметов спорт мектебінің дәріс алушылары теке тіресуде. Ерлан бұл жолы да 55 келіде бағын сынап көрді. Финалға дейін Шалабаев атты баламен белдесті. Байқап көрсе жамбасты өте қатты жасайды. Ебін тауып аяқтан тартып құлатқан күйі, іліккен қолын сығымдап аяққа салып отырып «Болевой» тартқан. Төрешілер жеңісті есебіне жазды.

Кейіннен 1998 жылы Германияның Бремен қаласында өткен турнирге қатысты. Командалас достары арасынан Асхат Житкеев бас жүлдемен оралды. Іле-шала Түркияда өткен үлкен турнирде әзірбайжан балуанынан финалға шығар тұста ұтылады. Кейіннен ол балуанға кеткен есесін Мәскеуде дүниежүзілік жастар ойындарында қайтарды.

1999 жылы егемендік алғалы бірнеше рет өткізілген әйгілі Санжар Жандосовтың жоғары санатты турниріне қатысты. Аталған турнирдің алдында жасөспірімдер арасынан Қазақстан чемпионатында бас жүлде алған болатын. Қарсыластары өз жерлестері Ардақ Тұяқбаев пен Ержан Сапарбаев болды. Тап бір Мақаншыда күресіп жүргендей сезімде болып еді. Бұл жарыста жасөсіпірімдер арасынан шығып ересектер дуына тіке қосылған Ерланға бәсті ешкім тіге қойған жоқ. Басты «Фаворит» ретінде Базарбек Домбай мен Мұрат Қыпшақпаев аталса, 60 келіде әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында олжасыз қайтпайтын атақты кәріс балуаны Чой күресті. Чой тегін келмепті, алғашқы белдесуде Базарбек Домбайды қапы қалдырып барып, Адамбаевка есе жіберді. Ерлан алғашқы жекпе-жекте өзбек балуанынан басым түсті.

Елімізде жылма-жыл өткізіліп келе жатқан дәстүрлі турнирдің бас жүлдесі көңіліне қанат бітірді. Алдағы армандар көкжиегі қол бұлғап алдыға қарай жетеледі. Осы жетістіктерден кейін спорт саласындағы мамандар жоғары баға беріп, Ерланмен алыс-жақын шетелдегі қарсыластары санаса бастады.

1999 жылдың желтоқсан айында сабағын арнайы спорттық бағыттағы мамандандырылған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы колледжде жалғастырды. Жаңа-жыл қарсаңында Шымкент қаласында ересектер арасында дзюдо күресі бойынша Қазақстан чемпионаты өткізілді. Осы жарыстың алдында арқа сүйеп жүрген әпкесі қайтыс болды. Сол кезде Ерланға «Осы жарыста күреспесем қайтеді?» – деген ой келген болатын. Үйдегі ортаншы ағасы Амангелді басу айтып, «Күресіп қайт, елде өзіміз бармыз ғой», – деп ақ жол тіледі.

Аталған жарыс барысында салмақты тастау мәселесі де оңай емес. Бұрынғыдай емес салмағы тез өсе бастайтын болған. Чемпионаттың финалында сыралғы қарсыласы Адамбаевтан басым түсіп, Қазақстан чемпионы атанды. Келесі жылы жастар арасынан өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Жетістіктері жаман болмағандықтан қатысатын жарыстар легі толастамады. Спорттың арқасында біраз елдердің дәмін татты, көріп білмеген жерлерге табаны тиді. Чехияда өткен үлкен турнирден олжамен оралды. Финалда болашақ әлем чемпионатының жүлдегері – поляк спортшысынан басым түсті.

Спорттағы жетістік дегеніміз – ол қысқа ғана уақытта жарқырап өту. Спортшы ғұмырының 15-20 жылын тек бір рет жарқ етіп көрінуге арнайды. Мыңдаған балуандарды даярлаған бапкердің бірлі-екілі шәкірті үмітін ақтауы мүмкін, қалғандары өз денсаулығын нығайтады. Ерланның да балуандық ғұмырында шарықтау мен құлдилау кезеңдері басынан өтті. Спартакиада жарыстарынан кейін Мюнхен қаласында өткен үлкен турнирде Атланта олимпиадасының жүлдегері, жапондық спортшы Накамурамен ұстасты. Өз деңгейін байқады. Осы жарыстан жеңіліп қайтты.

2001 жылы күзге қарай Орал қаласында самбодан өткен жастар біріншілігінде бағын сынады. Финалға дейінгі жекпе-жектері сәтті өткенімен, соңғы белдесуінде келеңсіз жағдай орын алды. Алғашқы минутта қарсыласы партерде мұның қолын «Болевоймен» ауыртпалы тәсілге салып тартып жатқан. Қарап жатпай жан-дәрмен мойнымен көпірге тұрып барып, атыраулық балуанды жерден көтеріп тік тұрды. Мұндай сәтте төреші белдесуді тоқтату керек.

Сол сәтте кеуде тұсында жабысқан қарсыласы бір қолын босатып мұны аяқтан тартып қалды. Екеуі де мұның сол аяғының үстіне қатар құлады. Тыз етіп аяғы қатты ауырсынып орнынан тұра алмай жатыр. Бақылауды жоғалтқан Ерланның аяғына қарсыласы бар салмағымен жанши құлаған көрінеді. Мұндай жағдайда жарыстан спортшы босатылуы тиіс. Намысқа тырысып ұйып қозғалудан қалған аяқпен 4 минут бойына күресіп шықты.

Бәсеке аяқталысымен дәрігерлер мұны жедел жәрдеммен емханаға әкетті. Аяғының бұлшық еті жыртылған екен. Екі ай ем қабылдады, жаттығуларын тоқтатты. Мұндай жағдайда балуанның спорттық бабынан айырылып қалуы да әбден мүмкін. Қанша дегенмен адам баласы емес пе, ауыр жарақат алған соң спортшылардың жүректері шайлығады, көпшілігі мүлдем спорттан кетеді.

Ерлан жаттығуды бапкерлер шешімімен 2002 жылы әлемге әйгілі «Кодакан» дзюдо академиясында өтетін жиыннан бастады. Жапон еліндегі жиында Еуропа мен Азия, Африканың мықты балуандарымен тәжірибе алмасты. «Кодакан» күрес кешенінің сән-салтанаты мен жапондардың мәдениетіне қарап тап бір басқа планетаға түскендей боласың. Жаттығу барысында халықаралық турнирге де қатысып көрді. Атақты жапон дзюдошысы Такаямен табан тіресе күресіп, соңынан үшінші орын үшін болған белдесуде ұтылып, бесінші орыннан көрінді. Токио сапарынан кейін, Австрия мен Германияда өткен турнирлерге барып белдесіп қайтты.

Бір өкініштісі, Алматыда тауда өткізілген жиын барысында дәрігерлер «Жүрекке салмақ түскен» – деген қорытынды жасапты. Осыған орай дәстүрлі Санжар Жандосов турнирінен сырт қалды. Біраз уақыт еріксіз демалысқа шықты. Денсаулығы қалпына келгенде Оңтүстік Кореяның Пуссан қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастап кетті.

Бұл фәниде адам түсінбейтін еркіңнен тыс құбылыстар көп. «Азия чемпионатында сәтті күрестім», – деп айта алмайды. Біріншіден, мемлекет тарапынан үлкен жауапкершілік жүгін көтеру жүктеледі. «Көк туды желбірете аламын ба?» – деген ой әу бастан мазаңды ала бастайды. Жекпе-жекке түскен балуандардың осалы жоқ. Содан да болар Пуссанға үлкен толқыныспен жетіп, финалға шығыпты.

Пуссан сапарынан кейін көңілге демеу болары, Югославияның Сараево қаласында өткен студенттердің командалық сайысында сәтті өнер көрсетіп қайтты.

Біздің Еркебұлан

Еркебұлан Қосаев 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қабанбай ауылында туған. Ол дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасынан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, 2004 жылғы «Азия балалары» ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогы мен Гран при жарыстарының жеңімпазы.

Балалық шақта әр нәрсеге еліктеумен өсесің. Еркебұлан да басында күреске ағасы Жасұланға ілесіп барды. Ол уақытта Жасұлан ысылған балуан, өзі Жарбұлақтың болашақ жұлдыздары Сағдат Садықов, Ерлан Сіламбаевпен бір топта жаттығады. Бапкерлері – Сайлаухан Етбасов пен Болат Есімбеков ағайлары.

Ауылдағы спорт мектебінің алғашқы директоры Марқұм Серікхан Шәріповтың інісі Аман Шәріпов Семей қаласында жаттықтырушылық қызметте болатын. Қай уақытта келмесін, жылт еткен талант көрсе қолдау көрсетіп, қалаға спорт мектептеріне орналастыруға тартады. Болмаса оқуға тапсыртып өз қарамағына алуға тырысатын, жаңалыққа жаны құмар ауылым десе шығарда жаны бөлек азаматтардың бірі. Міне Еркебұлан да осы бапкердің көзіне түсті.

Ең алғаш рет Жарбұлақ ауылының ашық біріншілігінде бар-жоғы 32 келі салмақта чемпион атанып, компьютерден өткізіліп қолдан жасаған бір жапырақ дипломды қолына ұстап, қуанышы қойнына сыймай үйге жеткені есінде. Ата-анасы қоңсы отырған, көрші-қолаңға кішігірім дастарқан жасап, үлкендерден бата алып «Балуан бала» атанғаны бар.

Жылдар да, уақыт та жарыса ұшқан тырналардай тізбектеліп өте бастады. Еркебұланның шеберлігі күн өткен сайын артып, Мақаншыда ауданның чемпионы, Семейде облыстық жарыстар жеңімпазы атанды. Баланың бұл талпынысы қиядағыны қалт жібермейтін Аман бапкерден қағыс қалмады. Жасөспірімнің болашағынан үміт күткен Аман Нүсіпханұлы Еркебұланды ата-анасынан қалап сұрап Семейге әкеледі.

2002 жылы Теміртау қаласында «Огни Магнитки» турнирінде топ жарды. Сол жылы Семей қаласында оққағарлардың «Аспан» бірлестігі ұйымдастырған аралас төбелес жекпе-жегінде өз салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, өзін бір қырынан көрсетті. Аталған жарыстардан соң шетелге шығудың сәті түсті. 2003-2004 жылдары Қазақстан жасөспірімдер чемпионатын тағы да екі мәрте жеңіп алды.

2004 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатының финалында жерлесі Медет Қасымжановпен кездесті. Тап бір туған ауылында күресіп жүргендей болып еді. Сол жолы Қазақстан жасөспірімдер чемпионатында қатарынан төртінші рет жеңістің биік сатысынан көрінді. Балуанның ғұмыры жеңістерден ғана тұрмайды. Жаз айында Өскемен қаласында өткен жасөспірімдер спартакиадасының финалында түркістандық Мұқановка қапы кетіп екінші орынды місе тұтты.

Киіммен күресетін дзюдодан басқа, самбо мен қазақша күрестің біршама жарыстарына қатысып, топқа еніп топ жарды. Аталған жарыстарда жеткен жеңістерінің нәтижесі ретінде 2004 жылы Ресейдің Саха республикасында өтетін «Азия балалары» ойындарына жолдама алды.

2009 жылдың күз айында дзюдо күресінен ересектер арасынан Қазақстан чемпионаты өткізілді. Еркебұлан чемпионатта 60 келі салмақ категориясы бойынша бақ сынады. Аталған чемпионатта мамандар негізгі бәсеке Төребеков Бақытжан, Сайтиев және Еркебұлан Қосаевтың арасында өтеді деп жорамалдаған болатын. Айтқандай-ақ, Еркебұланның тартысты жекпе-жегі финалда Қанат Байымбетовпен өтті. Төрт минут бойы өткен белдесу нәтиже берер емес. Негізгі уақыттың аяқталуына небәрі 30 секунд қалған. Байымбетов жалт бұрылып иыққа салғанша, бұл кері жұлқи тартып үлгерген, қарсыласы абайсызда арқасына түсті. Осылайша, Еркебұлан ересектер арасынан «Қазақстан чемпионы» атағына қол жеткізді. Чемпионаттағы жеңіс Еркебұланның дүниежүзілік жарыстарға шығуына жол ашты.

2010 жылдың ақпан айында Парижде үздік балуандар ғана күш сынасатын «Алтын дулыға» бәсекесіне барды. Тартысты белдесуде Еуропа чемпионы Милофқа «Юко» ұпайымен есе жіберді. Үшінші орын үшін бір француз балуанымен алысқан. Айласын асыра алмай ұтылды. Іле-шала Германияның Дюссельдорф қаласына жол тартқан. Екі айналым ғана күресіп қайта қайтты.

2011 жылы жазда Азия құрлығының ең мықты деген балуандарын Біріккен Араб Әмірлігі елі қабылдады. Жылдағыдай емес шеберлігі мен тәжірибесі толысқан Еркебұлан алғашқы белдесуде тунистік балуаннан басым түсті. Екінші айналымда мароккандық дзюдошыдан айласын асырды. Үшінші айналымда есесі Азия ойындарында кеткен оңтүстік кореялық Чой алдынан шықты. Қай жеңгені финалда күреседі. Чойдың иықтан тізерлей лақтыруы таза жеңіс әперді. Үшінші орынға болған белдесуде тағы бір тунис балуанынан басым түсіп, қола жүлдегер атанды.

2014 жылы Грузия астанасы Тбилиси қаласында Гран при турнирі өтті. Ұлттық құраманың бапкерлері кеңесе отырып, Грузиядағы жарысқа Еркебұланды қосты. Бірінші белдесуін алаң иесі, грузин балуанына қарсы өткізді. Екінші айналымдағы жекпе-жек украин балуанымен болды. Асығыс иықтан асырмақ болған украинды шалқалата тартқан. Абайсызда қарсыласы арқасына түсті. Қалған уақытта тырп етуге мүмкіншілік бермеген Еркебұлан ұпай санымен жеңіске жеткен.

Еркебұлан осы чемпионаттан кейін өзін таза бапкерлік жұмысқа арнай бастады. Бүгінде шырайлы Семейде тәжірибелі бапкерлер Мерей Қойшыбеков, Асқар Арқабаев, Аман Шәріповтармен қоян-қолтық еңбек етіп жүрген Еркебұлан Мұратбекұлының арманы асқақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға